Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Сені біреулер пайдаланып жүр ме?" – Ислам Байрамуков чемпион Шайдоровқа қатысты шындықты айтты

"Сені біреулер пайдаланып жүр ме?" – Ислам Байрамуков чемпион Шайдоровқа қатысты шындықты айтты
Arasha.kz коллажы

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты туындаған жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Байрамуковтың айтуынша, Шайдоровтың жетістігі – Қазақстан спорты үшін үлкен оқиға. Ол спортшының әлемдік деңгейде жеңіске жетіп, елге 32 жылдан кейін алтын медаль сыйлағанын атап өтті.

"Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Бүкіл халық осы жеңіске қуанды, болашағынан зор үміт күтеді. Михаил Қазақстан спортының мәртебесін көтерді. Алайда қазір осы мәселе төңірегінде әртүрлі пікір айтылып жатыр", – деді ол.

Олимпиада жүлдегері бұл жағдайға спорт саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде қарайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мәселені үлкен дауға айналдырмай, өзара келісім арқылы шешуге болады.

"Тәртіп бар жерде ғана жүйе жұмыс істейді. Сондықтан мұнда аса күрделі мәселе көріп тұрған жоқпын. Мұны сабырмен отырып шешуге болады", – деді Байрамуков.

Ол спорттағы қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, спортшыларға берілетін мемлекеттік сыйақылар мен төлемдер салық төлеушілердің қаражаты есебінен бөлінеді.

"Спортшылар жеңіспен оралғанда оларға құрмет көрсетеміз. Бірақ бөлінетін қаржының бәрі халықтың қаражаты екенін ұмытпау керек. Егер қаржы бақылаусыз таратылса, кейін оның жұмсалуына қатысты сұрақтар туындайды", – деді ол.

Байрамуков Қазақстан спорты дамып келе жатқанын айтып, Туризм және спорт министрлігінің жұмысын оң бағалады.

"Әр кезеңнің, әр министрдің өз ерекшелігі бар. Қазіргі министрдің тұсында спортшыларға көптеген мүмкіндік жасалды", – деді ол.

Сонымен қатар ол бұрынғы спортшылардың салада қызмет етуін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тәжірибелі мамандардың білімі мен жолы жас буын үшін қажет.

Сөз соңында Ислам Байрамуков қоғамды бұл мәселені ушықтырмай, сындарлы жолмен шешуге шақырды.

"Бұл жағдайды саясиландырудың қажеті жоқ. Ел бірлігін сақтап, спортшыларды қолдауымыз керек. Барлығы заң аясында дұрыс шешіледі деп сенемін", – деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның фристайл-могул құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина да Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, қысқы спорт түрлерінің өкілдері сияқты Михаил Шайдоров та 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі келісімшартқа қол қойған.

Круглыхина құжаттарды уақытылы рәсімдеуге тек федерация ғана емес, спортшының менеджерлері мен агенттері де жауапты болғанын айтты.

"Миша, әлде біреулер сені пайдаланып жүр ме? Сен де, біз де 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі келісімшартпен жұмыс істедік. Федерация келісімді уақытында ұзартпағаны рас. Бірақ сенің де агенттерің мен менеджерлерің бар ғой. Неге бұл мәселемен айналыспады?" – деп жазды ол әлеуметтік желіде.