Алматы тұрғыны 36 жасында есімін заңды түрде өзгертіп, әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқысына түсті. 1990 жылы туған әйел Threads парақшасында жаңа есім алғанын айтып, туу туралы куәлігінің суретін жариялаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол бұрынғы Айтолқын есімін Барселонаға ауыстырғанын мәлімдеді.
"Иә, мен 36 жасымда есімімді өзгерттім. Айтолқыннан Барселонаға", – деп жазды ол.
Ресми құжаттағы мәліметке сүйенсек, енді оның толық аты-жөні – Айханова Барселона Қадірсейітовна.
Барселонаның айтуынша, олардың отбасында ерекше есім қою дәстүрі бұрыннан бар. Оның атасы немерелеріне Олимпиада ойындары өткен қалалардың атауын берген. Мәселен, оның Сеул есімді ағасы, сондай-ақ Сидней мен Токио есімді іні-қарындастары бар.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі оның шешімін батыл қадам деп бағаласа, енді бірі мұндай ерекше есімнің артында отбасы тарихы жатқанын айтып, қызығушылық танытқан.