Біріккен Ұлттар Ұйымы соңғы жылдардағы ең ауыр қаржылық дағдарыстың алдында тұр. Әлемдік қауіпсіздік, гуманитарлық көмек, бітімгерлік миссиялар және халықаралық келіссөздердің басты алаңы саналатын ұйымның өзі қазір ақша тапшылығынан жұмысын қысқартуға мәжбүр болып отыр.
The Wall Street Journal жазуынша, БҰҰ-ның негізгі проблемасы – ұйымның ең ірі екі доноры саналатын АҚШ пен Қытайдың жарнаны уақытында төлемеуі. Бұл екі мемлекет БҰҰ-ның негізгі бюджетінің шамамен 42 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ қазір Вашингтон да, Бейжің де ұйымға толық көлемде қаржы аудармай отыр.
WSJ дерегіне сүйенсек, АҚШ-тың БҰҰ алдындағы берешегі 4 миллиард доллардан асқан. Вашингтон мұны ұйымдағы «тиімсіз шығындармен» және реформаның жеткіліксіздігімен байланыстырады. Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін де БҰҰ-ның бірқатар құрылымдарынан, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу немесе қаржыландыруды қысқарту бағытын ұстанған.
Қытай да жарнаны толық төлемей отыр. Басылым мәліметінше, Бейжің жақында 850 миллион доллар аударғанымен, әлі де шамамен 455 миллион доллар қарыз. Қытай ресми түрде БҰҰ жүйесіндегі рөлін күшейтіп, өзін көпжақты дипломатияның қорғаушысы ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ төлемді кешіктіру арқылы ұйымның бюджеттік басымдықтарына ықпал етуге тырысып отыр деген пікір де бар.
Мәселенің салмағы жай ғана бухгалтерлік тапшылықпен шектелмейді. WSJ мәліметінше, қазіргі қаржы траекториясы сақталса, БҰҰ тамыз айына қарай қолма-қол қаражатсыз қалуы мүмкін. Бұл ұйымның күнделікті әкімшілік жұмысынан бастап, халықаралық миссияларына дейін әсер етеді.
Reuters бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым «жақын арада қаржылық күйреуге» тап болуы мүмкін екенін ескерткенін жазды. Оның айтуынша, проблема тек бір жылдық бюджетте емес, ұйымның қаржылық ережелерінде де жатыр: БҰҰ қарыз ала алмайды, қаржы тапшылығын коммерциялық ұйымдар сияқты еркін қайта құрылымдай алмайды, ал төленбеген жарналар жұмысын жоспарлауды қиындатады.
БҰҰ қазірдің өзінде үнемдеу шараларын қолға алған. The Wall Street Journal мәліметінше, ұйым 3 мың жұмыс орнын қысқартуға, кей кеңселерді жабуға, аударма және синхронды тәржіма қызметтерін шектеуге, бітімгерлік миссияларға бөлінетін қаражатты азайтуға мәжбүр болған. Бұл – БҰҰ тарихындағы жай ғана техникалық қысқарту емес, ұйымның институционалдық әлсіреуінің белгісі.
АҚШ неге төлемей отыр?
Вашингтон БҰҰ-ға қаржы аударуды ұйым реформасымен байланыстырғысы келеді. Reuters дерегінше, АҚШ тарапы жарнаны төлеу үшін бірқатар шарт қойған. Оның ішінде БҰҰ қызметкерлерінің зейнетақы жүйесін қайта қарау, бизнес-класс ұшуларды шектеу, жоғары лауазымды қызметкерлер санын қысқарту, тиімсіз бітімгерлік миссиялардың бюджетін азайту және Қытайдың ұйым ішіндегі ықпалын шектеу сияқты талаптар бар.
Бұл жерде мәселе тек ақшаны үнемдеуде емес. АҚШ БҰҰ-ны өзінің сыртқы саяси мүддесіне сай қайта құруға тырысып отыр. Вашингтон ұйымды тым бюрократиялық, шығыны көп, кейде АҚШ мүддесіне қарсы шешім қабылдайтын құрылым ретінде көреді.
АҚШ БҰҰ-ның негізгі бюджетінің 22 пайызын жабады. Сондықтан Вашингтонның төлемді кешіктіруі ұйым үшін бірден жүйелік проблемаға айналады. Reuters жазуынша, 2026 жылдың басында АҚШ-тың БҰҰ алдындағы қарызы бірнеше бағыт бойынша миллиардтаған долларға жеткен.
Қытайдың есебі қандай?
Қытайдың жағдайы бөлек. Бейжің соңғы жылдары БҰҰ алаңында белсенді бола түсті. АҚШ кейбір халықаралық құрылымдардан алыстаған сайын, Қытай өзін «жаһандық Оңтүстіктің» дауысы, көпжақты тәртіптің қорғаушысы ретінде көрсетуге тырысты.
Бірақ қаржы мәселесінде Қытай да прагматикалық ойын жүргізіп отыр. WSJ жазуынша, Қытай БҰҰ-дағы бюджеттік процестерді өз ықпалын арттыру үшін пайдалануы мүмкін. Яғни Бейжің ұйымды ашық түрде әлсіреткісі келмейді, бірақ ақша арқылы саяси салмағын күшейткісі келеді.
Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекенің БҰҰ ішіне де кіргенін көрсетеді. Бұрын БҰҰ үлкен державалар келіссөз жүргізетін алаң болса, қазір сол державалардың тартысы ұйымның өз жұмысын тоқыратып отыр.
БҰҰ-ның қаржылық дағдарысы ең алдымен бітімгерлік миссияларға, гуманитарлық бағдарламаларға және дамушы елдердегі жобаларға әсер етеді. Себебі ұйымның ең қымбат әрі күрделі бағыттарының бірі – бейбітшілік сақтау операциялары.
Reuters мәліметінше, қаржы тапшылығы салдарынан БҰҰ бірнеше бітімгерлік миссиядағы персоналды қысқартуға мәжбүр болған. Бұл Африка, Таяу Шығыс және қақтығыс аймақтарындағы қауіпсіздік жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.
Мұндай қысқарту қағаз жүзінде «бюджетті оңтайландыру» болып көрінгенімен, нақты жерде оның салдары ауыр болуы мүмкін. Бітімгерлер саны азайса, босқындар лагерьлері, қақтығыс аймақтары, гуманитарлық дәліздер және әлсіз мемлекеттердегі қауіпсіздік жүйесі қосымша қысымға түседі.
Бұл неге Қазақстан мен Орталық Азия үшін маңызды?
БҰҰ дағдарысы алыстағы Нью-Йорк кеңселерінің ішкі мәселесі ғана емес. Қазақстан да, Орталық Азия елдері де халықаралық құқық, шекара қауіпсіздігі, ядролық қарусыздану, климат, су ресурстары, көші-қон және аймақтық қауіпсіздік мәселесінде БҰҰ алаңына сүйенеді.
Қазақстан үшін БҰҰ – көпвекторлы сыртқы саясаттың маңызды мінбері. Ел ядролық қарусыздану, бейбітшілік бастамалары, климаттық күн тәртібі және Орталық Азиядағы тұрақтылық тақырыптарын осы ұйым арқылы халықаралық деңгейге шығарып келеді.
Егер БҰҰ қаржылық тұрғыдан әлсіресе, шағын және орта мемлекеттердің дауысы да әлсірейді. Себебі үлкен державалар екіжақты келісімдер арқылы өз мүддесін қорғай алады. Ал Қазақстан секілді елдер үшін көпжақты институттар – халықаралық құқыққа сүйенудің негізгі тетігі.
БҰҰ шынымен банкрот бола ма?
БҰҰ-ны кәдімгі компания сияқты банкрот болады деп түсіну дұрыс емес. Ол коммерциялық ұйым емес, халықаралық саяси институт. Бірақ «банкроттық» деген сөз бұл жерде ұйымның міндеттемелерін толық орындауға қаржысы жетпей қалуын білдіреді.
Гутерриш ұсынған реформалар аясында БҰҰ 2026 жылғы негізгі бюджетті 577 миллион долларға қысқартуды және қызметкерлердің шамамен 18 пайызын азайтуды қарастырған. Бұл дағдарыстың уақытша емес, құрылымдық сипат алып бара жатқанын көрсетеді.
Басты мәселе – БҰҰ өз мүшелеріне тәуелді. Ұйымның дербес табыс көзі жоқ. Егер ірі мемлекеттер жарна төлемесе, ол несие алып, тапшылықты жаба алмайды. Ал шығынды күрт қысқарту ұйымның әлемдегі дағдарыстарға жауап беру қабілетін әлсіретеді.