Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Назарда

Шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың тізімі жарияланды: Олар кімдер?

Шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың тізімі жарияланды: Олар кімдер?
shutterstock.com

Қазақстанда шетелдік көздерден қаржы алатын тұлғалар мен ұйымдарға қатысты тізім қоғам талқысына түсті. Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған деректерде бірқатар қоғамдық қорлар, құқық қорғау ұйымдары, медиа құрылымдар мен азаматтық сектор өкілдері көрсетілген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметке сүйенсек, тізімде елге белгілі бірнеше ұйымның атауы бар. Олардың қатарында құқық қорғау, журналистика, қоғамдық зерттеу, сөз бостандығы, гендерлік теңдік және азаматтық қоғам бағытында жұмыс істейтін құрылымдар аталады.

Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы шетелдік көздерден 350 млн теңгеден астам қаржы алған ұйымдардың бірі ретінде көрсетілген. Материалда бұл ұйымға қатысты Е. Жовтис, И. Иманбай және басқа да есімдер аталады. Сондай-ақ MediaNet, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, CAPS Unlock, PaperLab, "Әділ сөз", "Крылья свободы", "Ар Рух Хақ", FemAgora секілді ұйымдар да тізімде бар екені жазылған.

Атап айтқанда, жарияланған деректе "Әділ сөз" ұйымына қатысты К. Джаманкулова, Д. Уткин, Т. Калеева есімдері көрсетіліп, ұйымның 97 млн теңге көлемінде қаржы алғаны айтылады. Қаржыландыру көздері ретінде Ұлыбритания мен Нидерланд елшіліктері аталған. Еске сала кетейік, бұған дейін біздің сайтымызда "273 миллион теңге: "Әділ сөз" қорының қаржысы қайдан келеді?" деген мақала шыққан еді.

Бұл мәліметтер әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бір тарап шетелден қаржы алу заңсыздық дегенді білдірмейтінін, азаматтық қоғам институттары халықаралық гранттар арқылы түрлі жобаларды жүзеге асыратынын алға тартады. Ал екінші тарап мұндай қаржыландырудың ашық болуы, оның мақсатты жұмсалуы және қоғамдық-саяси процестерге ықпалы жан-жақты талқылануы керек деп санайды.

Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң мен тәртіп" қағидатына қатысты айтқан сөзі де көпшіліктің назарын аударды. Мемлекет басшысы қоғамда құқықтық мәдениет пен жауапкершілік жоғары болуы керегін атап өтті.

Президенттің айтуынша, заң мен тәртіпке құрметпен қарау жазадан қорқу емес, бұл – жауапкершілігі жоғары азаматтарға тән қасиет. Ол қазіргі күрделі геосаяси жағдайда елге татулық пен тұрақтылық қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының заң бұзушылықтарға қатаң шара қолдануы керек екенін айтты. Президент кейбір адамдардың, тіпті Парламент депутаттарының да құқықтық шараларды "Штрафстан" деп атайтынын сынға алды.

"Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде "Заң мен тәртіп" саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек", – деді Мемлекет басшысы.

Сарапшылардың пікірінше, шетелден қаржыланатын ұйымдар туралы реестрдің жариялануы қоғамдағы ашықтық талабымен тікелей байланысты. Өйткені кез келген ұйымның қандай көзден қаржы алып отырғаны, ол қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны қоғам үшін маңызды мәселе.

Дегенмен шетелдік қаржыландыру тақырыбын тек айыптау немесе саясиландыру тұрғысынан ғана емес, құқықтық ашықтық, есептілік және ұлттық мүдде тұрғысынан қарау қажет. Мемлекет үшін басты мәселе – кез келген ұйымның қызметі заң аясында жүргізіліп, қоғам алдындағы жауапкершілік сақталуы.