Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Петропавлда ақша дауы қайғылы аяқталды: Қызы анасын өлтіргені үшін 9 жылға сотталды

Петропавлда ақша дауы қайғылы аяқталды: Қызы анасын өлтіргені үшін 9 жылға сотталды
ашық дереккөзден

Петропавлда анасы мен қызы арасындағы ақшаға байланысты жанжал адам өлімімен аяқталды. 34 жастағы Алмагүл Кужумоваға қатысты сот үкімі шықты. Ол жанжал кезінде өз анасына пышақ сұғып алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Qazaqstan Media мәліметінше, қайғылы оқиға былтыр күзде болған. 17 қазан күні таңертең Заречный елдімекеніндегі аялдама маңынан өтіп бара жатқан адамдар әйелдің денесін тапқан. Кейін марқұмның Петропавл қаласының 57 жастағы тұрғыны екені анықталды.

Полиция сол кезде әйелдің өліміне оның қызының қатысы бар екенін хабарлаған. Оқиғаға дейін анасы қызының үйіне келіп, уақытша бірге тұрған. Туыстар арасында ақша мәселесіне байланысты жанжал шыққан. Жанжал кезінде қызы ас үй пышағын алып, анасының кеуде тұсына жарақат салған.

Жарақат алғанына қарамастан, әйел пәтерден шығып үлгерген. Ол ауылдағы таныстарына бармақ болған. Куәгерлердің айтуынша, жолда әйел ішімдік ішіп, Заречный көшелерімен теңселіп жүрген. Кейін жағдайы нашарлап, аялдама маңында есінен танып құлаған. Көп ұзамай ол қайтыс болды. Қайғылы жағдай марқұмның туған күніне екі күн қалғанда болған.

Сот тергеуі шамамен алты айға созылды. Осы уақыт ішінде айыпталушы тергеу изоляторында болды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауабы мен сараптама қорытындылары арқылы дәлелденгенін хабарлады. Әйел өз кінәсін ішінара мойындаған.

Прокурор соттан оған тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап сотталушыны тым қатаң жазаламауды өтінген.

Бұл бап бойынша сегіз жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкім шығару кезінде сотталушының өкінгенін және 13 жастағы ұлын тәрбиелеп отырғанын ескерді. Тергеу барысында жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот шешімімен Алмагүл Кужумова тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.