Атырауда бұрынғы әйелінің жақын туыстарын өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевтің адвокаты Асан Жұмабаев оны тегін қорғап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы заңгер журналист Жанат Жақсыбайқызына берген сұхбатында айтты. Адвокаттың сөзінше, заң бойынша қорғаушы қайырымдылық немесе қоғамдық негізде тегін құқықтық көмек көрсете алады.
"Адвокаттың ондай құқығы бар. Қайырымдылық әрі қоғамдық негізде адвокат тегін қызмет көрсете алады. Мен сол негізде тегін қызмет көрсетіп отырмын. Әлеуметтік көмек қайырымдылық негізде көрсетіліп жатыр", – деді Асан Жұмабаев.
Оның айтуынша, Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында кінәсін мойындағанымен, заңды күшіне енген сот үкімі шықпайынша оны кінәлі деп атауға болмайды. Журналист осы мәселе бойынша бірнеше рет нақтылау сұрағанымен, адвокат өз ұстанымын өзгертпеді.
Сондай-ақ Асан Жұмабаев қорғауындағы азаматқа қарсы мәлімдеме жасамайтынын айтып, адвокат ретінде міндетін заң аясында орындап жатқанын жеткізді.