Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

ӘЧ-2026 басталмай жатып дау шықты: АҚШ өз жеріне Иранды кіргізбей қойды

ӘЧ-2026 басталмай жатып дау шықты: АҚШ өз жеріне Иранды кіргізбей қойды
ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты басталмай жатып саяси дауға себеп болды. АҚШ Иран ұлттық құрамасы делегациясының бірқатар өкіліне виза беруден бас тартқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Иран футбол федерациясы бұл шешімді қатаң сынап, АҚШ-ты әлем чемпионатын қабылдаушы ел ретінде міндетін толық орындамай отыр деп айыптады. Федерацияның мәлімдеуінше, Иран құрамасы FIFA жарысына қатысушы ретінде барлық қажетті рұқсатты алуы тиіс.

АҚШ тарапы Иран құрамасының футболшылары мен негізгі бапкерлер штабына виза берілгенін мәлімдеген. Алайда әкімшілік және басқарушы құрамдағы бірнеше адамға елге кіруге рұқсат берілмеген. Олардың қатарында Иран футбол федерациясының бас хатшысы Хидаят Момбени мен атқарушы директор Мехди Харати бар екені айтылды.

Иран тарапы бұл әрекетті спортты саясаттандыру деп бағалап отыр. Елдің спорт шенеуніктері АҚШ шешімі FIFA талаптарына қайшы келетінін және құраманың дайындық жоспарына кедергі келтіретінін мәлімдеді.

Ал америкалық ресми өкілдер матч өткізуге қажет негізгі ойыншылар мен техникалық персоналға виза берілгенін алға тартады. Қалған тұлғаларға қатысты шешім қауіпсіздік тексерістерімен байланыстырылғаны айтылды.

Туындаған қиындықтарға байланысты Иран құрамасы әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындық кезеңін АҚШ-та емес, Мексиканың Тихуана қаласында өткізуге мәжбүр болды. Команда АҚШ аумағына тек матч күндері ғана кіруі мүмкін.

Иран құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы ойыны 15 маусымда Калифорнияда Жаңа Зеландия құрамасына қарсы өтеді деп жоспарланған. Жағдайға байланысты FIFA тарапынан қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз.