Қазақстандық Dota 2 ойыншылары Әлімжан Watson Исламбеков пен Арман Malady Оразбаев Team Yandex құрамында BLAST Slam VII турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жарыс Дания астанасы Копенгаген қаласында өтті.
Гранд-финалда Team Yandex LGD Gaming командасын 3:1 есебімен жеңіп, чемпиондық атақты иеленді.
Жеңісі үшін команда жалпы жүлде қоры 1 млн долларды құраған турнирден 400 мың доллар алды.
Team Yandex-тің финалға дейінгі жолы оңай болған жоқ. Команда топтық кезеңде бесінші орын алып, соңғы мүмкіндік іріктеуінен өтті. Кейін жоғарғы сетка арқылы сенімді ойын көрсетіп, шешуші матчқа дейін жетті.
Ал LGD Gaming топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтап, бірден жоғарғы сетканың жартылай финалына шыққан еді. Алайда онда Team Yandex-тен жеңіліп, финалға төменгі сетка арқылы қайта шығуға мәжбүр болды.
Финалдық серияда Team Yandex алғашқы картаны 48 минутта жеңді.
Екінші ойында команда Watson үшін Templar Assassin кейіпкерін таңдады. Қазақстандық ойыншы бұған дейін бұл кейіпкерді өзінің сүйіктісі деп атаған. Матчты ол 9/0/8 көрсеткішімен аяқтап, Team Yandex сериядағы басымдығын арттырды.
Үшінші картада LGD Gaming есеп айырмасын қысқарта алды. Ойын 52 минутқа созылып, Team Yandex қарсыластарының жеңісімен аяқталды.
Алайда төртінші карта финалдағы ең қысқа ойын болды. Team Yandex LGD Gaming-ке қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермей, матчты 31-минутта аяқтады.
Гранд-финалдың қорытынды есебі – Team Yandex пайдасына 3:1.
Турнирде Team Yandex құрамында мына ойыншылар өнер көрсетті:
- Әлімжан Watson Исламбеков, Қазақстан;
- Илья CHIRA_JUNIOR Чирцов, Ресей;
- Дмитрий DM Дорохин, Ресей;
- Мартин Saksa Саздов, Солтүстік Македония;
- Арман Malady Оразбаев, Қазақстан;
- Александр Accell Литвиненко, Ресей, бапкер.
BLAST Slam VII турниріндегі жеңіс қазақстандық ойыншылар үшін халықаралық Dota 2 сахнасындағы маңызды жетістік болды.