Атырауда төрт адам қаза тапқан қанды оқиғаға қатысты марқұмдардың туысы жаңа күмәнді жайттарды айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты бірқатар заң бұзушылық болуы мүмкін екенін алға тартты. Оның сөзінше, бұл мәселе сот отырысында айтылған ақпараттан кейін туындаған.
Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, Сұлтан Сәрсемәлиевтің әпкесі Ақбаянның құжаттарымен жүргені, оның денсаулығына байланысты белгілі бір шешім қабылдау мақсатында әрекет еткені айтылған.
"Сұлтанның апасы (әпкесі) Ақбаянның құжатымен жүргені, яғни ауруына байланысты шешім қабылдаy мақсатында жүргені туралы айтқан болатын. Сол сот отырысынан кейін бізде сұрақ туындады. Егер де, олар 2022 жылы заң жүзінде ажырасқан болса, олар қалай әке-шешесінің рұқсатынсыз, Ақбаянның рұқсатынсыз құжат жинақтаған. Бұл қаншалықты заңды? Адвокатымыздан сұрадық. Өзімен (Сұлтанмен) бірге Ақтауға алып баруының, өзімен бірге Қазақстанның шекарасынан өтіп, Өзбекстанға баруының бәрін қылмыстық іс деп санаймын. Ақбаянға ақыл-есінің кемістігі туралы шешім қабылданған болса, бұл – заңды елемеу", – деді Шалқар Мұқанғалиев.