Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Қиын бір замандар болды": Айгүл Иманбаева жеке өмірі туралы шындықты айтты

"Қиын бір замандар болды": Айгүл Иманбаева жеке өмірі туралы шындықты айтты
ашық дереккөзден

Актриса Айгүл Иманбаева 22 жас шамасында өміріндегі ең қиын сынақтардың бірін бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, алғашқы ажырасуы тағдырына қатты әсер етіп, өмірге деген көзқарасын өзгерткен, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өнер иесі балалық шағында жоқшылық көрмегенін жеткізді. Айтуынша, анасы өмір бойы қызметте жұмыс істеген, бухгалтер болған. Сол себепті отбасында тұрмыстық қиындық сезілмеген.

"Шешем өмір бойы қызметте жұмыс жасаған. Бухгалтер – қазіргі тілмен айтқанда, қаржыгер. Бізге қиыншылық көрсетпей өсірді. Қиын бір замандар болды. Тоқсаныншы жылдары тамақ талонмен берілді. Үйде кәмпитті бір тал ғана беретін. Біз бала кезімізде ондай нәрсе көрген жоқпыз", – дейді актриса.

Актрисаның айтуынша, университетті бітіргеннен кейінгі кезеңде ол алғашқы некесін тоқтатып, қолында алты-жеті айлық баласымен анасының үйіне қайтып келген.

"Былай айтқанда тоқтықта өстік десек болады. Үлкен адам болып қалыптасып келе жатқан кезде үлкен ауыр сынақтың бірі – менің алғашқы ажырасуым болды. Жасым  22-ге толған кезім бе, толмаған кезім бе, тіпті есімде де жоқ. Кезінде еркелеп, аяқты алшысынан басып жүрген Айгүл жоқшылық күйге түседі.

Бірақ мен оны намыс көрдім. Баламды ауылда шешемнің қасына қалдырдым да, Алматыға келіп, төрт-бес жерде жұмыс жасадым. Жоқтықты да сол кезде көрдім. Өйткені намыс мені өлтірді. "Мына Гүлсімнің қызы ажырасып келіпті. Қолындағы баласымен келіпті" деген әңгімелер. Ауылға барғандағы намыс", – деп еске алды ол.

Айгүл Иманбаева сол кезеңде төрт-бес жерде қатар жұмыс істеп, өмірдің ауыртпалығын өз күшімен еңсеруге тырысқанын айтты. Оның сөзінше, дәл осы қиындықтар оған жауапкершілік алуды, бар мен жоқтың қадірін түсінуді үйреткен.

"Адаспаймын деп жүріп адастым, бірақ сол адасу арқылы өз жолымды таптым. Қиындықты жеңдім. Аштық пен тоқтықтың, баршылық пен жоқшылықтың қадірін сол кезде ғана ұқтым. Бұл маған үлкен сабақ болды", – деді актриса.