Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немере келіні Аида Әлиева жақын адамының денсаулығына қатысты әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлінің жұбайы қазір шетелде тұратынын айтып, науқас әжесінің жанында күн сайын бола алмайтынына қынжылыс білдірді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әжесімен түскен суреттерін бөлісіп, оған күтім жасап жүрген туыстарына алғыс айтты.
Аида Әлиеваның сөзінше, әжесі бірнеше жылдан бері деменция дертімен ауырады. Алайда кей кездері ол кісі ерекше сергіп, ойын анық жеткізе бастайды екен.
"Әжемнің деменциясы бірнеше жылдан бері асқынып келеді. Күнделікті өмірде ол кісі көбіне сөйлескісі келмейді, тұйықталып, ұзақ үнсіз отыруы мүмкін. Бірақ мен "Ақмама, балалар мен немерелер үшін видео жазайықшы, сіздің сөздеріңізді сақтап қалу мен үшін өте маңызды" десем, бір ғажайып болады. Ол кісі жинақталып, жанданып, сөйлей бастайды. Сондай анық әрі түсінікті сөйлейді, көп адам оның деменциямен ауыратынына сенбейді", – деп жазды Аида Әлиева.
Ол әжесінің жанында күн сайын тәтесі, яғни науқастың келіні болатынын айтты. Әлиева мұны үлкендерге деген шынайы қамқорлық пен махаббаттың үлгісі деп бағалады.
Оның айтуынша, қарт адамдарға ең алдымен жақындарының мейірімі, көңілі және қасында болуы қажет. Тіпті олар сөйлескісі келмеген күннің өзінде, қолынан ұстап, құшақтап, үнсіз бірге отырудың өзі үлкен қолдау бола алады.
"Иә, кейде қарт адамдармен тіл табысу оңай емес. Бірақ біз кішкентай болған кезде, бізбен де әрдайым оңай болған жоқ қой", – деп жазды ол.
Аида Әлиева жазбасының соңында алғыс пен махаббат құр сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінетінін атап өтті.
"Алғыс бір-бірімізге бөлетін уақытпен, көңілмен, қамқорлықпен және жай ғана қасында болумен өлшенеді", – деді ол.