Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесіне қатысты заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңға қол қойған.
"Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады", – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін бұл заң жобасы Мәжілісте қаралған болатын. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжат педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Заң жобасында мұғалімдердің балалардың өмірі мен денсаулығына тек оқу процесі кезінде жауапты болатынын нақтылау ұсынылған. Ал сабақтан тыс уақытта, мереке күндері мен кешкі уақытта бұл жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі керек екені айтылған.
Сондай-ақ құжатта педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға мәжбүрлеп қатыстыруға жол бермеу қарастырылған. Бұдан бөлек, есепті қағаз және электронды түрде қатар жүргізуге тыйым салу ұсынылған. Яғни есеп тек бір форматта ғана жүргізілуге тиіс.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, жаңа нормалар мұғалімдерді жұмыс нәтижесін әлеуметтік желіге жариялауға мәжбүрлеуден де қорғайды.