Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Білім

Мектеп оқулықтары жаңартылады: Министр баспаларға нақты тапсырма берді

Мектеп оқулықтары жаңартылады: Министр баспаларға нақты тапсырма берді
parlam.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлейтін отандық ірі баспа өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында оқу әдебиеттерінің сапасын арттыру және оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрлік мәліметінше, бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын көтеру және оқушыларды заманауи оқу материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған.

Кездесу барысында оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, олардың мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкестігі және министрлік, сарапшылар мен баспалар арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері қаралды.

Жұлдыз Сүлейменова баспа басшыларына жаңартылған оқулықтарды дайындау және басып шығару мерзімдерін қатаң сақтау керегін айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс сапалы әрі жүйелі жүргізілуі тиіс.

Министр бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жариялаған талдау нәтижелеріне де тоқталды. Аталған тексеріс кезінде қолданыстағы мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қате анықталған.

Оқулықтарды жаңарту оқу материалдарының сапасын жақсартуға, сондай-ақ оларды қазіргі білім беру талаптары мен мемлекеттік стандарттарға сай етуге бағытталған.

Жиында жаңартылған оқулықтарды білім беру ұйымдарына жеткізу мерзімі де айтылды. Жоспар бойынша 3 және 7-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар 2026 жылғы 30 тамызға дейін, 4 және 9-сыныптарға арналғандары 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, ал 8-сынып оқулықтары 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жеткізілуі қажет.

Кездесу соңында тараптар оқу басылымдарын уақытылы әрі сапалы дайындау үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.