Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова жеке өміріне қатысты көпшілік жиі қоятын сұраққа жауап берді. Өнер иесі марқұм жары Заманбек Нұрқаділов өмірден өткеннен кейін неге қайта тұрмыс құрмағанын ашық айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Malim.kz мәліметінше, әншінің сөзінше, жұбайы қайтыс болғаннан кейін арада шамамен 10 жыл өткенде ол бұл тақырыпты анасымен сөйлесіп көрген. Алайда анасының жауабы Мақпал Жүнісова үшін күтпеген әрі өте қатал болған.
"Анама: "Мама, егер маған бір жақсы адам кездесіп, күйеуге шық десе, сіз қалай қарайсыз?" дедім. Сол кезде анамның түрі өзгеріп кетті. "Заманбектен артық адам табамын деп тұрсың ба? Мен тірі тұрғанда күйеу туралы айтушы болма" деді", – деп еске алды әнші.
Осы сөзден кейін Мақпал Жүнісова бұл әңгімені қайта қозғамағанын айтады. Ол анасының пікірін ерекше құрметтеп, айтқанын заңдай қабылдаған.
Өнер иесі анасының тыйымынан кейін өзіне көңіл білдірген немесе ұсыныс жасаған адамдарға да мән бермегенін жеткізді.
"Тып-тыныш жүрдік, себебі шешемізден қорқамыз. Адамның анасы тірі болса, қанша жасқа келсе де өзін бала сезінеді", – деді Мақпал Жүнісова.
Әншінің бұл сөзінен оның марқұм жары Заманбек Нұрқаділовке деген құрметі мен анасының ақылын бәрінен жоғары қойғаны байқалады.