Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

АҚШ Сенаты Трампты Иранмен соғысты тоқтатуға шақырды

АҚШ Сенаты Трампты Иранмен соғысты тоқтатуға шақырды
Reuters.com

АҚШ Сенаты Иранға қарсы әскери әрекеттерді тоқтатуға шақыратын қарарды қолдады. Құжатты 50 сенатор мақұлдап, 48 сенатор қарсы дауыс берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Reuters мәліметінше, бұл қарар ұсынымдық сипатқа ие және міндетті заңдық күші жоқ. Дегенмен оның қабылдануы 1973 жылдан бергі маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Себебі сол жылдан бері алғаш рет АҚШ Конгресінің екі палатасы да Соғыс өкілеттіктері туралы заң аясында америкалық әскерді әскери қимылдардан шығаруды қолдады.

Құжатты бір демократтан басқа барлық демократ сенаторлар, сондай-ақ Республикалық партияның төрт өкілі қолдаған. Тағы екі республикашыл дауыс беруге қатыспаған.

Қарар мәтінінде АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс рұқсат бермеген және АҚШ-тың немесе оның одақтастарының тікелей қорғанысына қатысы жоқ жағдайда америкалық әскерді Иранмен қақтығыстан шығаруы керек екені айтылған.

Құжат Конгрестің екі палатасында қолдау тапқанымен, Трамп әкімшілігі ондағы ұсыныстарды орындауға міндетті емес. Соған қарамастан бұл дауыс беру заң шығарушылар арасында, оның ішінде республикашылдардың бір бөлігінде де соғысқа наразылық күшейіп келе жатқанын көрсетті.

Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың тек төрттен бірі ғана Иранға қарсы әскери науқанды орынды деп санайды. Сонымен қатар көптеген респондент Вашингтон мен Тегеран арасында бұрын қол жеткізілген бітімнің тұрақты боларына күмәнмен қарайды.

Осы жағдай аясында Трамп Иранмен келіссөздер сәтті жүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда тараптар ядролық бақылау және өңірлік қауіпсіздік секілді негізгі мәселелер бойынша әлі де ортақ пікірге келе алмай отыр.

"Бізде бәрі біршама жақсы жүріп жатыр", – деді Трамп Тегеранмен келіссөз барысына қатысты пікір білдіріп.