Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Белгілі журналистің банк қосымшасын Freedom Bank себепсіз бұғаттап тастады

Белгілі журналистің банк қосымшасын Freedom Bank себепсіз бұғаттап тастады
Arasha.kz коллажы

Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы Freedom Bank қосымшасының бұғатталғанын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, 24 маусым күні кешке банк қосымшасына қаламақы түскен. Кейін ол Freedom Bank қосымшасынан Kaspi.kz қосымшасына ақша аудармақ болған. Алайда бірнеше рет талпыныс жасағанымен, карта нөмірі арқылы аударым өтпей, "қателік пайда болды", "30 секундтан кейін қайталап көріңіз" деген ескерту шыққан.

Журналистің сөзінше, кейін телефон нөмірі арқылы аударым жасамақ болған кезде Freedom Bank қосымшасы бұғатталып қалған.

Осыдан кейін ол банктің 595 жедел желісіне хабарласқан. Алайда тұтқаны көтерген оператор WhatsApp мессенджеріндегі чат-ботқа жүгінуді ұсынғанын айтады.

"Чат-ботқа жазғанымда қажетті құжаттардың тізімін, банк туралы заңға сілтемелер және өз қолыңмен жазылған өтініштің үлгісін жіберді. Чат-ботпен мәселе шешілмейтінін білдім", – деп жазды журналист.

Келесі күні, 25 маусымда Өміржан Әбдіхалықұлы Астанадағы Қабанбай батыр көшесі, 9/2 мекенжайында орналасқан банк бөлімшесіне барған. Оның айтуынша, банк қызметкері өтініш жазуды сұраған. Сонымен қатар Kaspi.kz қосымшасынан соңғы алты айдағы есепшот көшірмесін және зейнетақы аударымдары туралы мәлімет алдырған.

Журналист бұл деректердің не үшін қажет екенін сұрағанда, банк қызметкерінен нақты жауап ала алмағанын жеткізді.

"Мұның бәрі не үшін дегенімде банк қызметкері “білмеймін” деді. Бұл екі жеке банк және зейнетақы деректерімді жоғарыдағы банк қызметкерінің WhatsApp-ына жібердім", – дейді ол.

Өтініш қабылданғаннан кейін құжаттар Алматыдағы бас кеңсеге жіберілгені айтылған. Алайда өтініштің нақты қашан қаралатыны белгісіз қалған.

"Қашан хабарласады дегенімде "білмеймін" деп қысқа қайырды. Сонда өтініш қанша уақытта қаралады деп сұрадым. "Белгісіз, айта алмаймыз, 3-7 күн болар, нақты білмеймін" деді", – деп жазды журналист.

Өміржан Әбдіхалықұлы банк қосымшасының не себепті бұғатталғаны түсіндірілмегенін, өзге банктегі есепшот көшірмесі мен зейнетақы деректерінің не үшін сұралғаны да нақты айтылмағанын алға тартты.

Оның сөзінше, берілген өтініштің қашан қаралатыны және мәселенің қанша уақытта шешілетіні белгісіз.