Ақтөбе қаласының 39 жастағы тұрғыны өзін коммуналдық қызмет өкілі ретінде таныстырған алаяқтарға сеніп, 4,5 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, оған WhatsApp арқылы белгісіз адам хабарласып, өзін электр энергиясымен қамтамасыз ететін мекеме қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқ есептегіш құралын тексеру және ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген SMS-кодты сұраған.
Кодты айтқаннан кейін ер адамға өзін мемлекеттік орган мен банк қызметкері ретінде таныстырған өзге адамдар хабарласқан. Олар алаяқтар несие рәсімдеп жатыр деген сылтаумен ақшаны “қауіпсіз шотқа” аудару қажет екеніне сендірген.
Нәтижесінде ақтөбелік тұрғын алаяқтар көрсеткен есепшотқа 4,5 миллион теңгеден астам қаражатты өз еркімен аударып жіберген.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырып, күмәнді қоңырауларға сенбеуге кеңес берді.
«Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді қоңырау алсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.