АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар нысанға әуе соққысын жасады. Вашингтон бұл әрекетін Ормуз бұғазындағы жүк кемесіне жасалған дрон шабуылына жауап деп түсіндірді, деп жазады Reuters.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, соққы Иранның зымырандар мен дрондар сақталатын орындарына, сондай-ақ жағалаудағы радиолокациялық станцияларына бағытталған. Кейін америкалық тарап жарылыстар бейнеленген бұлыңғыр ақ-қара видео жариялады.
Ал Иран тарапы елдің оңтүстігіндегі Сирик ауданында айлақ маңына снаряд түскенін хабарлады. Тегеран бұдан кейін Иран әскери-теңіз күштері аймақтағы АҚШ әскери нысандарына жауап соққысын жасағанын мәлімдеді.
Алайда Иран жағы нақты қандай нысандардың зақымданғаны туралы толық ақпарат берген жоқ.
Осы оқиғадан кейін Вашингтон мен Тегеран бір-бірін келісімді бұзды деп айыптап отыр. Ормуз бұғазындағы жағдайдың қайта шиеленісуі аймақтағы қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықты күшейтті.