Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері толғағы қысқан әйелді тұрғын үй кешенінің ауласында босандырып алды. Қазір ана мен нәресте дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағын ауданында болған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, толғағы басталған келіншек тұрғын үй кешенінің ауласында босануға мәжбүр болған. Куәгерлер жедел жәрдем көлігінің аулаға бірден кіре алмағанын, себебі жолды көліктер жауып тұрғанын айтқан.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметіне шақырту таңғы сағат 6:21-де түскен. Ал бригада оқиға орнына 6:31-де жеткен.
Медицина қызметкерлері келген кезде әйелдің толғағы басталып кеткен. Кейін жедел жәрдем көлігінің ішінде салмағы 3370 грамм қыз бала дүниеге келді. Нәресте туған сәтте бірден жылаған.
"Жағдайға қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлері босандыруды сәтті жүргізді. Ана мен балаға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілді", – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты. Екеуі де мамандардың бақылауында.