Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Аптап ыстық, бұршақ, дауыл: 29 маусымға арналған ауа райы болжамы

Аптап ыстық, бұршақ, дауыл: 29 маусымға арналған ауа райы болжамы
Bodo Marks/picture alliance via Getty Images

"Қазгидромет" синоптиктері 29 маусымда еліміздің басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтілетінін ескертті. Бірқатар өңірде қатты ыстық, найзағай, бұршақ, дауыл, екпінді жел және өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алматы облысында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың батысы мен оңтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматыда да күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қалада ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріледі.

Қонаевта күндіз 36-38 градус ыстық болады. Қалада аздаған жаңбыр мен найзағай күтіліп, желдің екпіні 18-23 м/с-қа дейін жетеді. Іле Алатауының Алматы қаласына қарасты таулы аймақтарында да өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.

Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Жетісу облыстарында да күн қатты ысиды. Шығыс Қазақстан облысында күндіз 35-37 градус, Абай облысында 35-38 градус, Павлодар облысында 35-37 градус, Жетісу облысында 35-38 градус аптап ыстық күтіледі. Бұл өңірлерде найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел болуы мүмкін.

Талдықорғанда күндіз ауа температурасы 36-38 градусқа дейін жетеді. Семейде 36-38 градус қатты ыстық болып, күннің екінші жартысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Өскемен мен Павлодарда да күндіз найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

Қарағанды облысында күндіз облыстың орталығында 35 градус қатты ыстық күтіледі. Сонымен қатар облыстың батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Қарағанды қаласында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, кей уақытта қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.

Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, желдің екпіні 20-25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Жезқазған, Көкшетау, Петропавл, Орал және Ақтөбе қалаларында да қолайсыз ауа райы күтіледі.

Астанада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз кей уақытта қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Шымкентте өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Жамбыл облысында күндіз батыс, оңтүстік, шығыс және таулы аудандарда өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Таразда күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні кей уақытта 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында да жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болуы ықтимал. Ақтауда кей уақытта қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Қызылорда облысының орталығы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі.

Синоптиктер бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Мамандар тұрғындарға ауа райы ескертулерін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.