Тіл белсендісі, блогер Жалғас Ертай Facebook парақшасында Қазақстандағы тіл мәселесіне қатысты жазба жариялап, қазақ тілінің мемлекеттік басқарудағы орны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, елде ешкім ашық түрде "қазақ тілі керек емес" деп айтпайды. Керісінше, ресми деңгейде қазақ тілі мемлекеттік тіл, ұлттық құндылық және тәуелсіздіктің символы ретінде жиі аталады. Алайда қазақ тілін биліктің, мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс тіліне айналдыру мәселесіне келгенде көзқарас өзгере бастайды.
Блогер мұны пропагандалық және коммуникациялық тәсілдердің нәтижесі деп түсіндіреді. Оның сөзінше, пропаганда әрдайым ашық өтірік айту емес, қоғамның белгілі бір мәселені қалай қабылдауын қалыптастыратын құрал. Мұндай тәсіл ғылымда framing деп аталады, яғни бір фактіні қоғамға белгілі бір қырынан көрсету.
Жалғас Ертайдың пікірінше, Қазақстандағы тіл мәселесінде де дәл осындай құбылыс байқалады. Қазақ тіліне символдық қолдау көрсетілгенімен, оны мемлекеттік басқарудың негізгі тілі ету үнемі кейінге шегеріліп келеді.
"Ешкім ашық түрде "қазақ тілі керек емес" демейді. Бірақ "қазақ тілі биліктің жалғыз тілі болуы керек" дегенде пікір өзгереді", – деп жазды ол.
Блогер қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту туралы нақты ұсыныстар айтылғанда, "қоғам дайын емес", "біртіндеп көшу керек", "тіл арқылы бөлінуге болмайды" деген уәждер жиі алға тартылатынын атап өтті. Оның ойынша, мұндай сөздер алғашында сақтық сияқты көрінгенімен, отыз жылдан астам уақыт бойы қайталанса, саяси тәсілге айналады.
Сондай-ақ ол азаматтардың мемлекеттік тілде қызмет алуды талап етуі көбіне заңды құқық ретінде емес, "жанжал шығарды", "арандатты", "этносаралық мәселе туғызды" деген сипатта көрсетілетінін айтты. Блогердің пікірінше, бір оқиғаны “мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етті” деп те, “тіл үшін дау шығарды” деп те беруге болады. Факт бір болғанымен, оны беру тәсілі қоғамның бағасын өзгертеді.
Жалғас Ертай орыс тілінің ұзақ жылдар бойы "бәріне ортақ", "ыңғайлы" және "бейтарап" тіл ретінде қабылданғанын, ал қазақ тілі көбіне тек қазақтардың мәселесі сияқты көрсетілгенін жазды. Оның айтуынша, шын мәнінде мемлекеттік тіл – белгілі бір этностың ғана емес, мемлекеттің тілі болуы керек.
Блогер "орысша сөйлей салсаң нең кетеді?" деген сөздің де астарында азаматтың заңды құқығы басқа адамның жайлылығынан кейін тұруы керек деген түсінік жатқанын айтады. Осылайша, мемлекеттік тілде қызмет талап ету қоғамда біртіндеп "ыңғайсыздық туғызатын әрекет" ретінде қабылдана бастаған.
Жалғас Ертай қазақ тілін жақтаған адамдарды "эмоцияға берілген" немесе "ұлтшыл" деп сипаттау да қалыптасқан тәсілдердің бірі екенін атап өтті. Ал қазіргі жағдайды сақтауды қолдайтын ұстаным "прагматизм", "комфорт" немесе "кәсібилік" ретінде көрсетіледі. Соның салдарынан қазақ тілі сезімнің, ал орыс тілі іс жүргізудің тілі сияқты әсер қалыптасқанын жазды.
Блогер тіл саясатына қатысты жауапкершілік көбіне азаматтардың өзіне аударылатынын да сынға алды. "Қазақтар өздері қазақша сөйлемейді", "ата-аналар орыс мектебін таңдайды", "сұраныс жоқ", "контент сапасыз" деген пікірлер айтылғанымен, оның пікірінше, бұл уәждер мемлекеттік институттардың рөлін көлеңкеде қалдырады.
Жалғас Ертайдың сөзінше, кез келген мемлекеттің негізгі жұмыс тілін заң, мемлекеттік аппарат, білім беру жүйесі, сот және ресми институттар қалыптастырады. Егер осы құрылымдардың бәрі толық мемлекеттік тілде жұмыс істесе ғана "сұраныс жоқ" немесе "контент сапасыз" деген пікірлер орынды естілуі мүмкін.
Ол жазбасында қазақ тілі тәуелсіздіктің символы ретінде айтылғанымен, оны нақты талап еткен жағдайда "радикал болма", "асықпа" деген жауап жиі берілетінін атап өтті.
"Соңғы отыз жылдағы ең қызық нәрсе – қазақ тілінің мемлекеттік басқарудағы орнын шектеу үшін оған ашық қарсы шығудың өзі қажет болмапты. Оны кейінге қалдыратын коммуникациялық әдістер жеткілікті болған екен", – деп жазды блогер.
Жалғас Ертай мұндай тәсілдер ұзақ уақыт бойы жұмыс істегенімен, соңғы жылдары олардың ықпалы әлсірей бастағанын айтады. Ол тәуелсіздікке отыз жылдан асса да, “әлі ерте” деген уәж айтыла берсе, қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік басқару тіліне айналатын уақыты қашан келеді деген сұрақ қойды.