Маңғыстау облысында қайғылы жағдай болды. Түпқараған ауданындағы "Көгілдір шығанақ" маңында екі жас жігіт Каспий теңізіне батып кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті "Лада" басылымының мәліметінше, оқиға 26 маусым күні кешкі сағат 20:40 шамасында болған. "Көгілдір шығанақ" Ақтау қаласынан шамамен 64 шақырым жерде орналасқан.
Облыстық полицияның хабарлауынша, құтқарушылар теңізден 2001 жылы туған екі жігіттің денесін алып шыққан. Алдын ала дерек бойынша, олар суға түсуге тыйым салынған аумақта теңізге кіріп, қайта шыға алмай қалған.
Оқиғаға байланысты Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар қызметі тұрғындар мен демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Мамандардың айтуынша, тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда ғана суға түсу қажет. Әсіресе толқын күшейген кезде теңізге кіру адам өміріне қауіп төндіреді.