Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, осы кезеңде ел игілігі үшін еңбек еткен Сенат пен Мәжіліс депутаттарына алғыс айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президент өз сөзінде алдағы саяси науқанның маңызына тоқталып, азаматтар бұл процеске белсенді қатысады деген сенім білдірді. Оның айтуынша, Құрылтай жаңа тұрпатты Қазақстанның символына айналуы тиіс.
"Құрылтай жаңа тұрпатты Қазақстанның символы болады деп сенемін. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел үшін маңызды кезеңде Сенат пен Мәжіліс басшылығының және депутаттардың атқарған жұмысына ризашылығын жеткізді. Ол халық қалаулыларының ел мүддесі жолында адал әрі қажырлы еңбек еткенін атап өтті.
"Осындай маңызды сәтте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер елдің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер", – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының “Әділет” партиясына қосылуына да тоқталды. Ол отыз жылға жуық тарихы бар партия мүшелеріне белсенді ұстанымы мен азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс айтты.
"Аманат" партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды әрі жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер", – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында депутаттарды алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға және Халық кеңесінің құрамына қосылуға шақырды. Оның айтуынша, жаңа саяси кезеңде елдің дамуына үлес қосатын отаншыл әрі мемлекетшіл азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.