Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайда қамауда отырғанына 10 жылдан асты. Ол 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылғаннан кейін есірткі тасымалдады деген айыппен сотталған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Kznews.kz сайтының жазуынша, Қытай соты қазақстандық студентті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда қорғаушы тарап Ақжарқын өз кінәсін мойындамайтынын және оның халықаралық есірткі тасымалдау тобының құрбаны болуы мүмкін екенін айтып келеді.
Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін педагогикалық университетке түсіп, Алматыға көшкен. Сол кезде ол құрбысымен бірге тұрған.
Құрбысы Қытайдан киім әкеліп сатумен айналысқандықтан, Ақжарқын да осы кәсіпке қызығушылық танытқан. 2014 жылдың наурызында ол Қытайға алғаш рет барған.
Бастапқыда Ақжарқын ата-анасымен байланысып тұрған. Бірақ кейін хабарсыз кетіп, көп ұзамай оның Гуанчжоу әуежайында ұсталғаны белгілі болды.
Қорғаушылардың айтуынша, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна Ақжарқыннан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізіп беруді сұраған. Алайда кедендік тексеріс кезінде сол жүктен есірткі табылған.
Ақжарқын өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол чемодан ішінде тыйым салынған зат бар екенін білмегенін айтқан. Оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов те қазақстандық студенттің алдануы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Бұл іс Ақжарқынның отбасы үшін де ауыр сынаққа айналды. Анасының айтуынша, қызын қорғау және Қытайға барып-келу шығындарын өтеу үшін отбасы мүлкін сатуға мәжбүр болған.
Қамауда отырған жылдары Ақжарқын қытай тілін үйренгені, түрмеде йога және ағылшын тілі сабақтарын өткізгені айтылған.
Қазақстан тарапы оны елге қайтару мәселесін бірнеше рет көтерді. Дипломаттар мен қорғаушылар экстрадиция бағытында жұмыс жүргізгенімен, Қытай тарапы өмір бойына сотталған азаматты беруге әзірге келіспей отыр.