Александр Вучич алдағы апталарда президент қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл туралы өз жақтастарымен өткен митинг барысында хабарлаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Вучичтің отставкасынан кейін Сербияда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өткізіледі деп күтілуде. Алдын ала болжам бойынша, дауыс беру науқаны осы жылдың күзінде ұйымдастырылуы мүмкін.
Александр Вучич Сербияның саяси билігінде шамамен 12 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оның президент ретіндегі екінші мерзімі 2027 жылдың ортасында аяқталуы тиіс болатын. Ел Конституциясына сәйкес, бір адам қатарынан екі мерзімнен артық мемлекет басшысы бола алмайды.
Бұған дейін Вучич билікте қалу үшін Конституцияға өзгеріс енгізу жоспары жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. Соған қарамастан, ол саясаттан кетпейтінін айтып, алдағы парламенттік сайлауға қатысуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Сербия президентінің айтуынша, егер партиясы қолдау білдірсе, ол премьер-министр қызметіне үміткер болуға дайын. Айта кетейік, Александр Вучич 2014-2017 жылдары Сербия үкіметінің басшысы қызметін атқарған.