Қазақстанның жаңа Конституциясында әр азаматтың денсаулығын қорғау құқығы бекітілді. Бірақ бұл құқық күнделікті өмірде қалай жүзеге асады? Азамат қандай тегін медициналық қызметтерге жүгіне алады, қандай мүмкіндіктерді көпшілік біле бермейді және аурудың алдын алуда адамның өз жауапкершілігі қаншалықты маңызды? Осы сауалдарға Qazaq Expert Club денсаулық сақтау саласының сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева жауап берді.
Жаңа Конституцияда бекітілген денсаулықты қорғау құқығы тек медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігін ғана білдірмейді. Бұл – адамның аурудың алдын алуға, денсаулығын тұрақты бақылауға және мемлекет ұсынатын профилактикалық қызметтерді пайдалануына берілген кепілдік.
Көпшілік дәрігерге тек сырқат белгілері байқалғанда ғана барады. Алайда мамандардың айтуынша, қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаты – ауруды емдеу емес, оның алдын алу. Сондықтан профилактика азаматтың денсаулығын сақтаудағы ең маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
– Конституцияда бекітілген денсаулықты қорғау құқығы дәрігердің қабылдауынан басталмайды. Ол адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады. Мемлекет азаматтарға аурудың алдын алу үшін көптеген мүмкіндік жасап отыр, ең бастысы – сол мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалану, – дейді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Бүгінде Қазақстанда белгілі бір жас санатындағы азаматтар үшін жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтер тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, липид алмасуының бұзылыстары мен жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторларын анықтайтын профилактикалық тексерулер де қарастырылған.
Әр азамат жеке құқығын білуі тиіс
Балалар жыл сайын профилактикалық медициналық тексеруден өтеді. Ал созылмалы дертке шалдыққан адамдар диспансерлік бақылауға алынып, дәрігердің тұрақты қадағалауында болады. Вакцинация ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылады.
– Егер адамға созылмалы ауру диагнозы қойылса, ол диспансерлік бақылауға тұруға құқылы. Бұл тек есепке алыну деген сөз емес. Оның аясында науқастың жағдайы тұрақты бақыланады, қажетті тексерулерден өтеді, дәрігер емдеу тәсілін уақытында түзетеді, асқынудың алдын алады және денсаулығындағы өзгерістерді ерте анықтайды. Өкінішке қарай, көптеген адам осы мүмкіндікті толық пайдаланбайды. Ал дәл осы бақылау аурудың ауырлап кетуіне жол бермеуге көмектеседі, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар көптеген азамат өз құқықтарының толық көлемін білмейді. Мысалы, әр пациент өзінің медициналық құжаттарымен танысуға, қажет болған жағдайда басқа дәрігердің пікірін алуға, қойылған диагноз бен ұсынылған ем туралы толық ақпарат сұрауға құқылы. Сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда медициналық араласуға келісім беру немесе одан бас тарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Гүлнафис Жүсіпәлиеваның пікірінше, құқықтарды заң жүзінде білу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оларды өмірде қолдана білу.
– Көпшілік медициналық қызметтерді тек ауырғанда ғана еске алады. Шын мәнінде денсаулықты сақтау жұмысы ауру басталмай тұрып жүргізілуі керек. Егер жасыңыз қырықтан асса, өз емханаңызға барып, жасыңызға сәйкес қандай профилактикалық тексерулер мен скринингтер қарастырылғанын анықтап алған жөн. Өйткені қант диабеті, артериялық гипертензия және кейбір онкологиялық аурулар ұзақ уақыт еш белгі бермеуі мүмкін. Адам өзін жақсы сезінгенімен, ағзада өзгерістер басталып жатады. Скринингтердің басты мақсаты да – ауруды алғашқы кезеңінде анықтау. Ерте қойылған диагноз емнің тиімділігін бірнеше есе арттырады және өмір сапасын сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Аурудың алдын алу шаралары қайта қаралды
Қоғамда профилактика мемлекеттік скринингтермен ғана шектеледі деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл дұрыс емес. Мемлекеттік бағдарламаға кірмейтін адамдар да дәрігердің кеңесіне жүгіне алады.
Учаскелік дәрігер адамның жасын, өмір салтын, тұқым қуалайтын қауіп факторларын ескеріп, қандай тексерулер қажет екенін анықтайды. Қажет болған жағдайда зертханалық талдауларға, электрокардиограммаға немесе бейінді мамандардың қабылдауына жолдама береді.
– Мемлекеттік скринингке кірмейтін адам профилактикалық тексеруден өте алмайды деген түсінік дұрыс емес. Кез келген азамат учаскелік дәрігеріне қаралып, өзінің жеке қауіп факторларын бағалата алады. Дәрігер артериялық қысымды өлшейді, дене салмағының индексін анықтайды, қажет болса зертханалық талдауларға, ЭКГ-ға немесе тар бейінді мамандарға жібереді. Әсіресе отбасында инфаркт, инсульт, қант диабеті немесе қатерлі ісік кездескен болса, мұндай тексерулердің маңызы арта түседі. Себебі тұқым қуалаушылықты ескеріп жүргізілген профилактика аурудың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда профилактика бұрынғыдай барлығына бірдей тәсілмен жүргізілмейді. Қазіргі медицина әр адамның жеке ерекшелігін ескеруге көшкен.
Жасы, жынысы, өмір салты, тұқым қуалаушылығы және бұрыннан бар аурулары есепке алына отырып, әр азаматқа жеке профилактикалық жоспар жасау ұсынылады. Бұл тәсіл денсаулыққа төнетін қауіптерді дәл анықтап, артық тексерулерден де сақтайды.
– Қазір барлық адамға бірдей тексеру тізімі ұсынылатын кезең артта қалды. Заманауи профилактика әр адамның жеке ерекшелігіне негізделеді. Жасы, жынысы, тұқым қуалаушылығы, өмір салты және бұрыннан бар аурулары міндетті түрде ескеріледі. Сондықтан ең дұрыс шешім – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігермен бірге жеке профилактикалық жоспар құру. Бұл тәсіл денсаулықты ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Денсаулықты күту "қымбат" емес
Маманның сөзінше, көптеген адам профилактикалық тексеруді уақыттың жоқтығымен кейінге қалдырады. Алайда еңбек заңнамасында қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтерден өтуі үшін әлеуметтік демалыс алу құқығы қарастырылғанын бәрі бірдей біле бермейді.
Тағы бір кең тараған қате түсінік – денсаулыққа күтім жасау қымбат деген пікір. Сарапшы бұған келіспейді. Оның айтуынша, алғашқы қадамдардың өзі ешқандай күрделі шығынды қажет етпейді.
– Денсаулыққа қамқорлық міндетті түрде үлкен қаражаттан басталмайды. Ең алдымен өзіңізді емханаға тіркеңіз, учаскелік дәрігеріңізбен танысыңыз және жасыңызға сәйкес қандай тексерулер қажет екенін анықтап алыңыз. Қан қысымын тұрақты бақылап, көрсетілім бойынша вакцина алып, денсаулығыңызда өзгеріс байқалса, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз. Осындай қарапайым әрекеттердің өзі көптеген қауіпті аурудың алдын алады. Конституциядағы құқық нақты өмірде дәл осындай қадамдар арқылы жүзеге асады. Денсаулық сақтау жүйесі адам ауырғанда ғана емес, дені сау кезінде де оның жанынан табылуы керек. Мен қазіргі конституциялық құқықтың негізгі мәнін осыдан көремін, – деп түйіндеді Гүлнафис Жүсіпәлиева.
Сарапшының пікірінше, жаңа Конституцияда бекітілген денсаулықты қорғау құқығы қағаз жүзіндегі норма болып қалмауы тиіс. Оның нақты нәтижесі әр азаматтың профилактикалық тексерулерден уақытында өтіп, дәрігер кеңесіне жүгінуінен, өз денсаулығына бейжай қарамауынан көрінеді. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктер толық пайдаланылған кезде ғана бұл құқықтың шынайы мазмұны ашылып, қоғамның денсаулық мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі.