Алматы облысының Шонжы ауылында болған қайғылы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Марқұм болған 2,5 жастағы қыздың туыстары дәрігерлердің дер кезінде медициналық көмек көрсетпегенін айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Марқұм бүлдіршіннің туыстарының айтуынша, олар баланы алғашында Шонжы аудандық ауруханасына тексеруге апарған. Алайда дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағаламай, «көз тиген болуы мүмкін» деген болжам айтып, үйіне қайтарған көрінеді.
Келесі күні кешке баланың жағдайы күрт нашарлаған. Жақындары оны облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізгенімен, сәби жансақтау бөліміне түсіп, көп ұзамай көз жұмған.
Ата-анасының сөзінше, алғашқы медициналық тексеру кезінде балаға пневмония мен өкпе ісінуі диагнозы қойылмаған. Сондай-ақ олар түнгі уақытта көмек сұрап барған кезде ауруханада дәрігер болмағанын, «таңертең келіңіздер» деп қайтарып жібергенін алға тартуда.
Марқұмның туыстары бұл жағдайға байланысты құзырлы органдардан жан-жақты тексеру жүргізіп, оқиғаға құқықтық баға беруді сұрады. Олар мұндай қайғылы жағдайдың енді қайталанбауы үшін жауаптылар заң алдында жауап беруі тиіс екенін айтты.
Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты ресми мемлекеттік органдардың түсініктемесі жарияланған жоқ.

