Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

"Садақа бермесең, қарғысқа қаласың ба?" - Жанәділ Райымбектің видеосы қоғамды дүр сілкіндірді

"Садақа бермесең, қарғысқа қаласың ба?" - Жанәділ Райымбектің видеосы қоғамды дүр сілкіндірді
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Әлеуметтік желіде қайырымдылыққа қаражат жинаумен айналысатын Жанәділ Райымбектің видеосы қызу талқыға түсті. Видеода «садақа бермесең қарғысқа қаласың» деген мазмұндағы сөздер айтылып, бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны адамдардың діни сезіміне әсер ету арқылы жасалған манипуляция деп бағаласа, енді бірі ауыр дертке шалдыққан науқастарға көмек көрсету үшін жасалған амал деп қорғап жатыр. Тіпті Threads әлеуметтік желісінде Жанәділ Райымбекті сотқа беруді талап етіп жатқан азаматтар да пайда болды. Бұл бастаманы қолдап жатқан пікірлер де аз емес.

Осы мәселеге байланысты Arasha.kz тілшісі Жанәділ Райымбекпен байланысып, жағдайға қатысты пікірін сұрады.

Оның айтуынша, видеодағы сөздер өз ойынан шығарылмаған, хадиске негізделген.

 «Пайғамбар  былай деген: "Аллаһтың құлдарының оянатын әрбір күні көктен екі періште түседі. Олардың бірі: "Уа, Аллаһ! Сенің жолыңда жұмсаған адамның несібесін арттыр", - дейді. Екіншісі: "Уа, Аллаһ! Сараң болғанды опат қыл", - дейді». (әл-Бұхари, Муслим)

Жанаділ Райымбектің сөзінше, видеодағы «қарғысқа қаласың» деген ой осы хадистегі періштелердің дұғасынан алынған.

 «"Опат қыл" деген - періштелердің дұғасы. Ол садақаны мен өзіме емес, ажал алдында жатқан науқастарға сұрап тұрмын. Әр видеода тек сол науқастардың жеке Kaspi есепшоттары көрсетіледі. Адамға ажал төнген кезде шариғатта кейбір тыйымдардың өзіне жеңілдік беріледі деген қағида бар. Жай ғана садақа туралы видео салсам, адамдар қарамайды. Сондықтан осы амалға бардым», - деді ол.

Тілші одан: «Яғни, сіз жақсы мақсат үшін осындай манипуляцияға бардым деп есептейсіз бе?» деп нақты сұрады.

Оған Жанәділ Райымбек:

 «Оданша менің басыма сондай жағдай келмесін деп тілеген жөн. "Сұраушыны зекіме" деген аят бар. Баласы өлім аузында жатқан адамға "манипуляция жасадың" деу ыңғайсыз болады», - деп жауап берді.