Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова марқұм жары Құман Тастанбековпен өткен романтикалық кездесулері туралы айтып берді. Актриса естелігін Azan Radiosy-на берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, "Қыз Жібек" фильмінің түсірілімінен кейін екеуінің қарым-қатынасы бірден басталмаған. Сол кезеңде Меруерт Өтекешова бір жылға жуық түсірілім алаңында жүрсе, Құман Тастанбеков театрда қызмет еткен.
"Көпшілік кинодан кейін бірден тұрмысқа шықты деп ойлайды. Бірақ олай болған жоқ. Ол кезде менің ондай ойым да болмады", – деді актриса.
Өнер иесі екеуінің кездесулері көбіне таңертең өтетінін айтты. Олар Алматыдағы "Алатау" кинотеатрының маңында, Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан құймақханада жүздескен.
"Біз таң ата кездесіп, құймақ жейтінбіз. Содан кейін ол театрға, ал мен оқу орныма кететінмін. Ол кезде шынайы романтика бар еді", – деп еске алды Меруерт Өтекешова.
Актрисаның айтуынша, қарапайым әрі жүрекке жылы мұндай кездесулер қазіргі жастар арасында сирек кездеседі.