Қазақстанда кеңінен танымал 7DAYS бренді ресейлік режиссер Илья Лучкинмен арадағы ынтымақтастықты тоқтатқанын мәлімдеді. Компания бұл шешімді режиссердің Қазақстан туралы айтқан даулы пікірлерінен кейін қабылдағанын хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz, NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.
Компанияның ресми мәлімдемесінде ұлтқа, мәдениетке немесе шығу тегіне байланысты кемсітушілік пен құрметсіздіктің кез келген түріне қарсы екені айтылған.
«7DAYS ұлттық ерекшелігіне, мәдениетіне немесе шыққан тегіне қарамастан адамдарға қатысты кез келген ұлттық араздықты, кемсітушілікті және құрметсіздікті қолдамайды. Бұл біздің брендтің құндылықтарына қайшы келеді», - делінген хабарламада.
Компания режиссердің әлеуметтік желідегі жазбасы оның жеке пікірі екенін және брендтің ұстанымын білдірмейтінін атап өтті.
«Мұндай пікірлер біздің құндылықтарымызға сәйкес келмейді. Осыған байланысты режиссермен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдадық», - деп мәлімдеді компания.
Сондай-ақ 7DAYS Қазақстан тұрғындарынан кешірім сұрады.
«Бұл жағдайдың орын алғанына және Қазақстан тұрғындарының көңіліне тиген болуы мүмкін екеніне шын жүректен өкінеміз. Алдағы уақытта да барлық жобамызда өзара құрмет, ашықтық және жауапкершілік қағидаларын ұстанамыз», - делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік блогер әрі режиссер Илья Лучкин Қазақстанда 7DAYS круассандарының жарнамасын түсіру барысында ел туралы алғашқы түсінігі «Борат» фильмі арқылы қалыптасқанын айтқан болатын. Кейін ол Қазақстанға келгенде заманауи қалаларды, электромобильдерді және елдің даму деңгейін көріп таңғалғанын мәлімдеген.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады. Қолданушылар басқа елге жұмыс істеуге келген маман сол мемлекет туралы шынайы әрі объективті ақпаратқа ие болуы тиіс екенін айтып, ірі брендтерді қазақстандық режиссерлер мен креативті мамандармен жиірек жұмыс істеуге шақырды.