Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан жеті адам көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz, Paryz.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға Бәйдібек ауданындағы Шаян - Екпінді автожолында түнгі уақытта болған. Toyota Camry мен Volkswagen Passat автокөліктері соқтығысып, салдарынан жеті адам оқиға орнында көз жұмған.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол мен ауа райы жағдайын ескеруге, жылдамдықты асырмауға және көлік құралын басқару кезінде барынша мұқият болуға шақырды.