Астана тұрғыны әлеуметтік желіде өзін және бауырын СОБР қызметкерлері соққыға жыққанын айтып, жазба жариялады. Оқиғаға қатысты Ақмола облыстық полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz, Centralmedia24-ке сілтеме жасап.
Ер адамның айтуынша, оқиға 2026 жылғы 12 шілдеде «Астана» - «Ақтөбе» футбол матчынан кейін «Астана Арена» маңында болған.
Оның сөзінше, СОБР қызметкерлері өзін және бауырын еш себепсіз ұстап, қызметтік «Газель» көлігіне күштеп отырғызған.
«СОБР қызметкерлері мені және бауырымды қарындастарымыздың көзінше аяусыз ұрып-соқты. Ешқандай себепсіз ұстап алып, бассыздық жасады. Бізді күштеп қызметтік “Газельге” отырғызып, тоғыз адам жабылып ұрды. Қолмен де, аяқпен де басымыз бен денемізден тоқтаусыз соққы жасады. Кейін жарты сағаттай көлікте ұстап, олардың жүздері көрінетін видеоны өшіртуге мәжбүрледі», - деп жазды ол Threads желісінде.
Ал Ақмола облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, Премьер-лигадағы «Астана» - «Ақтөбе» матчы кезінде бір топ жанкүйер қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөздер айтып, қарсылас команданың жанкүйерлерін арандатқан. Сондай-ақ олардың бірі қарсылас клубтың туын аяғына байлап алған.
Полиция қызметкерлері жанжалдың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында араласып, оқиғаға қатысушыларды қызметтік автобусқа жеткізген. Кейін олар босатылған.
Сонымен қатар аталған дерек бойынша қызметтік тексеру басталғаны хабарланды.