Қазақстанда 28 шілдеден бастап скринингтік тексерулерді өткізу тәртібі өзгереді. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, қауіп тобына кіретін азаматтар алғаш рет өкпе обырына тегін тексеруден өте алады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өкпе обырына арналған скринингке 50-ден 70 жасқа дейінгі азаматтар екі жыл сайын шақырылады. Нақтырақ айтқанда, тексеру 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68 және 70 жаста жүргізіледі.
Алайда азамат бронх немесе өкпенің қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрмауы керек.
Тегін тексеруден қазіргі уақытта темекі шегетіндер, сондай-ақ шылым шегуді 15 жылдан аз уақыт бұрын тоқтатқан адамдар өте алады. Бұл ретте олардың темекі шегу өтілі кемінде 20 "қорап-жыл" болуы қажет.
"Қорап-жыл" көрсеткіші адамның бір жыл бойы күн сайын бір қорап, яғни 20 тал темекі шеккенін білдіреді. Мәселен, күніне бір қораптан 20 жыл шеккен адамның көрсеткіші 20 "қорап-жылға" тең болады.
Сонымен қатар соңғы 10 жыл ішінде денсаулыққа зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтар да өкпе обырына тегін тексеріле алады.
В және С гепатитіне скрининг кеңейтіледі
Жаңа ережелерге сәйкес, В және С вирусты гепатиттеріне арналған скрининг бағдарламасы да кеңейтіледі.
Енді 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер үш жылда бір рет тегін тексеруден өте алады. Олар созылмалы вирусты гепатит бойынша динамикалық бақылауда тұрмауы және жүктілікке байланысты есепке алынбауы тиіс.
Тексеру нәтижелері цифрлық жүйеге енгізіледі
Скрининг қорытындылары медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйесінде сақталады.
Егер алғашқы тексеру кезінде ауытқулар анықталса, дәрігер пациентті цифрлық жүйе арқылы скринингтің екінші кезеңіне жолдайды. Қорытынды диагноз, медициналық бақылау бойынша ұсынымдар және тексерудің аяқталу себебі де сол жүйеге енгізіледі.
Сондай-ақ 30 мыңнан астам тұрғыны тіркелген емханаларда орталықтандырылған скрининг орталықтары мен call-орталықтар ашылады.
Бұл орталықтар азаматтардың тексеруден уақытылы өтуін қадағалап, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстарын үйлестіреді.