Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

25 тамыздан бастап жаңа ереже пайда болады: Көлік жүргізушілерін қандай өзгеріс күтіп тұр?

25 тамыздан бастап жаңа ереже пайда болады: Көлік жүргізушілерін қандай өзгеріс күтіп тұр?
pexels.com

Қазақстанда 25 тамыздан бастап көлік жүргізу құқығын тоқтатудың жаңартылған тәртібі күшіне енеді. Жаңа талаптар бірқатар жүргізушіге медициналық тексеруден уақытылы өтіп, тиісті мәліметтің цифрлық жүйеге енгізілуін міндеттейді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өзгеріс ең алдымен 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Олар мерзімді медициналық тексеруден өтіп, көлік басқаруға жарамдылығы туралы қорытындыны жол жүрісі саласындағы ақпараттық жүйеде тіркетуге тиіс.

Егер цифрлық базада жүргізушінің денсаулық жағдайы туралы қажетті мәлімет табылмаса, оның көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Медициналық қорытынды жүйеге енгізілгеннен кейін бұл құқық қайта қалпына келтіріледі.

Жаңа тәртіп мас күйінде көлік жүргізуге байланысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған адамдарды да қамтиды. Мұндай азаматтардың көлік басқару құқығы заңды күшіне енген қаулы негізінде тоқтатылады. Бұл үшін соттың қосымша шешім шығаруы қажет емес.

Олар жүргізуші құқығын сегіз жыл өткеннен кейін ғана қайтара алады. Ол үшін медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды сәтті тапсыруы керек.

Осылайша, 25 тамыздан бастап кей жүргізушілер үшін медициналық қорытындының цифрлық жүйеде болуы шешуші мәнге ие болады. Қажетті мәлімет уақытында енгізілмесе, азамат көлік тізгініне отыру құқығынан уақытша айырылып қалуы ықтимал.