Борат Сагдиевтің Instagram парақшасындағы жазба қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Кезінде елді келемеждеген даулы кейіпкердің қалай Қазақстанның туристік брендіне айналғаны және оған қатысты жаңа даудың неден басталғаны туралы, хабарлайды Arasha.kz.
Борат Сагдиев - британдық актер әрі комик Саша Барон Коэн ойлап тауып, сомдаған ойдан шығарылған кейіпкер. Фильм желісі бойынша ол - әлемді аралап, өзге халықтардың мәдениетін зерттейтін қазақстандық тележурналист.
Борат кім және фильмдегі «Қазақстан» қандай?
Борат кейіпкері алғаш рет 1990-жылдардың ортасында Ұлыбританиядағы қысқаметражды әзіл скетчтерінде пайда болды. Кейін ол танымал Da Ali G Show бағдарламасының басты кейіпкерлерінің біріне айналды.
Фильмдегі Бораттың өмірбаяны әдейі әсіреленіп жасалған. Сюжет бойынша ол Кузцек (Кусек) ауылында дүниеге келген, әкесінің есімі - Болток Насильник, ал әпкесі Наталья «Қазақстандағы төртінші нөмірлі жезөкше» ретінде сипатталады.
Алайда фильмде көрсетілген Қазақстанның шынайы елмен ешқандай байланысы жоқ. «Қазақ ауылы» ретінде көрсетілген көріністер іс жүзінде Румыниядағы Глод атты сыған ауылында түсірілген. Ал Борат сөйлейтін «қазақ тілі» иврит пен поляк тілдерінің араласуынан құралған жасанды тіл.
Фильм не үшін және неге Қазақстан туралы түсірілді?
«Борат: Қазақстанның даңқты халқына пайда әкелу үшін Американың мәдениетін зерттеу» атты толықметражды фильм 2006 жылдың қараша айында жарық көрді.
Саша Барон Коэннің айтуынша, Қазақстанның таңдалуына бір себеп болған. Сол кезде АҚШ-та бұл ел туралы көпшілік ештеңе білмейтін. Сондықтан ол көрермендердің бірден күмәнданбайтын, шындыққа жанаспайтын ойдан шығарылған әлемді еркін құра алды.
Фильм мокьюментари жанрында түсірілген. Яғни, Борат шынайы адамдармен кездеседі, ал олардың көпшілігі өздерінің актермен сөйлесіп тұрғанын білмейді.
Картинадағы басты мақсат Қазақстанды келемеждеу емес, керісінше аңғал әрі сауатсыз шетелдік бейнесі арқылы Батыс қоғамындағы, әсіресе АҚШ-тағы жасырын нәсілшілдік, антисемитизм, сексизм және түрлі стереотиптерді әшкерелеу болды.
Саша Барон Коэннің өзі:
«Бұл әзіл Қазақстан туралы емес. Әзіл - сондай Қазақстан бар деп сенуге дайын адамдар туралы», - деген болатын.
Threads-та Боратқа қатысты дау қайта өршіді
Алайда Боратқа қатысты дау араға жылдар салып қайта жанданды. Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде қазақстандық қолданушылар Instagram-дағы ресми @boratsagdiyev аккаунтына жаппай шағымдануға шақырып жатыр.
Бұған парақшаның сипаттамасында «Profession: #4 journalist Republic of Kazakhstan» («Қазақстан Республикасының №4 журналисі») деген жазудың болуы себеп болған. Көпшілік мұны Қазақстанды тағы да келемеждеу әрекеті ретінде қабылдап, аккаунтты Meta әкімшілігіне жаппай шағымдап жатқанын көрсететін скриншоттармен бөлісуде.
Дегенмен бұл жағдайды бағалау кезінде бір жайтты ескерген жөн. Борат Сагдиев - шынайы адам емес, толықтай ойдан шығарылған сатиралық кейіпкер. Оның өмірбаяны, мамандығы, отбасы, туған жері және Қазақстан туралы барлық мәліметтері әдейі әсіреленіп жазылған. Instagram-дағы парақша да осы кейіпкердің сатиралық образын жалғастырып жүргізіледі.
Сондықтан профильдегі «Қазақстанның №4 журналисі» секілді жазбалар да Бораттың ойдан шығарылған әлемінің бір бөлігі болып саналады. Соған қарамастан, Қазақстанға қатысты мұндай сипаттамалар қоғамда әлі күнге дейін қызу пікірталас туғызып келеді. Бірі мұны ұлттық намысқа тиетін орынсыз әзіл деп есептесе, енді бірі кейіпкердің сатиралық табиғатын алға тартып, оның шынайы Қазақстанға қатысы жоқ екенін айтады.
Қазақстанның көзқарасы қалай өзгерді?
Фильмге қатысты Қазақстан билігінің ұстанымы уақыт өте бірнеше кезеңнен өтті.
2006 жыл. Фильм елдің беделіне нұқсан келтіреді деген себеппен Қазақстанда көрсетілуіне тыйым салынды. Сонымен қатар borat.kz сайтының жұмысы да тоқтатылды.
2012 жыл. Кейін ресми тұлғалар фильмнің күтпеген әсер бергенін мойындады. Олардың мәліметінше, Қазақстанға қызығушылық артып, елге берілетін туристік визалардың саны шамамен он есеге көбейген.
2020 жыл. «Борат 2» фильмі жарық көргеннен кейін Kazakh Tourism ұлттық компаниясы кейіпкердің әйгілі «Very Nice!» («Өте керемет!») деген сөзін елдің туристік жарнамасында ресми ұран ретінде пайдаланды. Жарнамалық бейнероликтерде Қазақстанның табиғаты, ұлттық тағамдары мен көрікті жерлері көрсетіліп, туристер осы тіркесті қайталайды.
Саша Барон Коэн қазір немен айналысады?
Саша Барон Коэн актерлік мансабын жалғастырып келеді.
2020 жылы ол «Сынақтағы Чикаго жетілігі» фильміндегі Абби Хоффман рөлі үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
2024 жылы Apple TV+ платформасының Disclaimer мини-сериалына түсті. Ал 2025 жылы Marvel студиясының Ironheart сериалында Мефисто бейнесін сомдайды деп күтілген.
Актер бірнеше рет Борат бейнесімен қоштасатынын айтқан. Оның сөзінше, кейіпкердің тым танымал болып кетуі бұрынғыдай адамдарды аңғал күйінде түсіруге мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан, ол Борат образын кейбір арнайы жобаларда қайта жандандырып тұрады. Мәселен, 2024 жылы Джимми Фэллонның шоуына осы кейіпте қатысты.
Жеке өмірінде де өзгерістер болды. 2024 жылдың сәуірінде Саша Барон Коэн мен жұбайы, актриса Айла Фишер ажырасуға өтініш бергенін мәлімдеді. Ажырасу рәсімі 2025 жылдың маусымында аяқталды.
Бүгінде актер әлеуметтік желілердегі өшпенділік насихаты мен антисемитизмге қарсы күреске белсенді қатысып, Stop Hate For Profit қозғалысының тең құрылтайшыларының бірі ретінде жұмыс істеп келеді.