Отандық Shoqan киім бренді қоғамда қызу талқыға түскен «Борат» бейнесі қолданылған жарнамасына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары жарнаманы ұлт намысына тиетін, қазақ халқын келемеждейтін контент деп бағалап, брендті қатаң сынға алған еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қоғамдағы наразылықтан кейін компанияның негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов даулы видеоны әлеуметтік желіден алып тастап, болған жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жарнама арзан танымалдыққа жету үшін түсірілмеген және қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын қорлау мақсатын көздемеген.
Сонымен қатар, компания өкілдері өздерінің әлеуметтік жобаларын да атап өтті. Олар мектеп ашып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына гранттар бөліп жүргендерін айтып, алдағы уақытта қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге күш салатындарын жеткізді.
Дегенмен, бұл мәлімдеме қоғамдағы пікірталасты тоқтата алмады. Бір топ жұртшылық қателігін мойындаған брендке екінші мүмкіндік беру керек деп есептесе, енді бірі ұлттық құндылықтарды қорлағаннан кейін қайырымдылық істерін алға тарту орынсыз екенін айтып, сын айтты. Брендке қатысты дау әлеуметтік желілерде әлі де қызу талқыланып жатыр.

Борат - британдық актер әрі комик Sacha Baron Cohen ойлап тапқан ойдан шығарылған кейіпкер. Ол алғаш рет 2000 жылдардың басында телешоуларда пайда болып, кейін екі фильмнің басты кейіпкеріне айналды.
Кейіпкер өзін Қазақстаннан келген журналист ретінде таныстырады. Алайда оның образы Қазақстанның шынайы мәдениеті мен халқын көрсетпейді. Керісінше, ол әдейі әсіреленген, сауатсыз, оғаш әрі күлкілі бейне ретінде жасалған. Фильмде Қазақстан туралы көптеген жалған әрі келемеж сипаттағы көріністер көрсетілген.
2006 жылы шыққан Borat: Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan фильмі үлкен дау тудырды. Қазақстан билігі бұл фильм елдің беделіне нұқсан келтіреді деп мәлімдеген болатын. Кейінгі жылдары бұл кейіпкерге қатысты көзқарас өзгергенімен, көптеген қазақстандықтар үшін «Борат» әлі күнге дейін ұлттық намысқа тиетін образ ретінде қабылданады.
Сондықтан Shoqan брендінің жарнамасында осы кейіпкердің бейнесіне ұқсас образдың қолданылуы әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, жұртшылық оны қазақтарды мазақ етуге ұқсата қабылдады. Ал бренд өкілдері мұндай ниет болмағанын айтып, жарнаманы алып тастап, кешірім сұрады.