Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ғылымның нәтижесі мақалада емес, нақты өнімде көрінуі керек – Ренат Елшібеков

Ғылымның нәтижесі мақалада емес, нақты өнімде көрінуі керек – Ренат Елшібеков
жеке архив

Қазақстанда ғылымды дамытуға бағытталған реформалар күшейіп келеді. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді қолдау, жас ғалымдарға жағдай жасау, ғылым мен өндірістің байланысын нығайту бағытында бірқатар жаңа бастама қолға алынды. Бұл өзгерістер елдің ғылыми әлеуетіне қалай әсер етеді? Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібековпен ғылым саласындағы жаңашылдықтар, жас зерттеушілерді қолдау және ғылымның экономикадағы рөлі туралы әңгімелестік.

– Соңғы жылдары елімізде ғылым саласын дамыту бағытында қандай маңызды қадамдар жасалды?

– Қазіргі кезеңде Қазақстандағы ғылыми саясаттың негізгі бағыты - ғылымды жекелеген жобаларды қаржыландыратын жүйеден елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік міндеттерін шешетін толыққанды экожүйеге айналдыру. 

Яғни басты назар тек ғылыми жарияланым санына емес, зерттеу нәтижесінің өндіріске енгізілуіне, жаңа технологиялар мен өнімдердің пайда болуына, жеке инвестицияның тартылуына және қоғамға нақты пайда әкелуіне аударылып отыр.

Осы өзгерістердің құқықтық негізін 2024 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қалыптастырды. 

Заң ғылым мен технологиялық саясатты іске асырудың, ғылыми қызметті қаржыландырудың, нәтижелерді коммерцияландырудың, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың және ғылыми кадрларды қолдаудың негізгі қағидаларын айқындады. 

Ғылыми зерттеулер жеті басым бағытқа шоғырландырылды: озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар; агроөнеркәсіптік кешен; экология және табиғи ресурстар; энергия, озық материалдар және көлік; өмір және денсаулық туралы ғылым; елдің зияткерлік әлеуеті; ұлттық, қорғаныстық және биологиялық қауіпсіздік.

Ғылымды стратегиялық басқару жүйесі де күшейтілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясына форсайттық зерттеулер жүргізу, ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық басымдықтарды айқындау және Ұлттық ғылым туралы жыл сайынғы баяндаманы әзірлеу міндеттері берілді. Сонымен қатар ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтарын қорғауға жәрдемдесетін Уәкіл институты енгізілуде. Уәкіл конкурстық шешімдерді қайта қарамайды және еңбек даулары бойынша міндетті шешім қабылдамайды, бірақ жүйелі проблемаларды зерделеп, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныс беріп, құқықтық және консультациялық қолдау көрсете алады.

Тағы бір ірі бағыт - ғылымды басқаруды цифрландыру. Қалыптастырылып жатқан «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі конкурсқа өтінім беруден бастап мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамаға, жобаны тіркеуге, мониторингке және нәтижені бағалауға дейінгі толық циклді қамтуға тиіс. Оның құрамындағы e-Lab платформасы мемлекеттік қаражатқа сатып алынған ғылыми жабдықтар мен ортақ пайдаланылатын зертханалардың бірыңғай тізілімін қалыптастырады. Нәтижесінде ғалымдар қай ұйымда қандай жабдық бар екенін және оны пайдалану мүмкіндігін көре алады, ал қымбат жабдықтың бос тұруы мен қайталама сатып алу тәуекелі азаяды.

Ғылым мен өндірістің байланысын нығайту үшін жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және ірі кәсіпорындар қатысатын ғылыми-технологиялық сессиялар мен хакатондар өткізіліп келеді. 2024-2025 жылдары 13 осындай іс-шараға 700-ден астам ғалым мен өндірістік сарапшы қатысты. Кәсіпорындармен бірлесіп 180-нен астам технологиялық міндет, 100-ден астам шешім прототипі және 20-дан астам техникалық тапсырма әзірленді. Соның негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына жеке серіктестің кемінде 30 пайыз қоса қаржыландыруын көздейтін 11 ғылыми-техникалық тапсырма дайындалды.

Ғылымды өңірлік дамудың өзегіне айналдыру үшін ғылымды қажетсінетін аумақтар мен ғылыми-технологиялық парктер құру көзделген. 2026-2035 жылдарға арналған тұжырымдама бойынша Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық, Алматыда Ядролық физика институты және Астанада Назарбаев Университеті базасында үш ғылымды қажетсінетін аумақты кезең-кезеңімен дамыту жоспарланған. Бірінші кезекте ғылым қалашығы мәртебесін Курчатов қаласына беру қарастырылып отыр. Бұл бастамалардың ортақ мақсаты - ғылымды, білімді, жоғары технологиялық өндірісті және инновациялық бизнесті бір ортаға біріктіру.

– Отандық ғалымдардың жетістіктерін халыққа кеңінен таныту қоғамға қандай пайда береді?

– Ғылым қоғамнан бөлек дамымауы тиіс, өйткені зерттеу нәтижелері медицина, ауыл шаруашылығы, экология, су ресурстары, энергетика, цифрлық технологиялар және өндіріс арқылы әр адамның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан халық мемлекеттік қаражаттың қандай зерттеулерге жұмсалғанын, оның қандай өнімге, технологияға немесе қоғамдық шешімге айналғанын білуге тиіс. Мұндай ашықтық ғылымға және мемлекеттік ғылыми саясатқа деген сенімді күшейтеді.

Ғылыми жетістіктерді түсінікті тілмен кеңінен таныстыру қоғамның ғылыми сауаттылығын арттырады. Адамдар ғылыми негізделген ақпаратты жалған немесе тексерілмеген мәліметтен ажыратуға, денсаулық, экология, технология және басқа да маңызды мәселелер бойынша дәлелге сүйеніп шешім қабылдауға үйренеді. Ақпарат өте жылдам тарайтын қазіргі кезеңде бұл қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін де маңызды.

Отандық ғалымдардың табысты тәжірибесін көрсету жастар үшін ерекше мәнге ие. Қазақстандық зерттеушілердің әлемдік деңгейде мақала жариялап, патент алып, жаңа технология жасап, стартап құрып немесе өндірістік мәселені шешіп жүргенін көрген жас буын ғылымды болашағы бар кәсіби жол ретінде қабылдайды. Осы тұрғыдан ғылымды насихаттау - зерттеуші мамандығының беделін көтерудің және жаңа ғылыми кадр даярлаудың пәрменді құралы.

Ғылыми ақпараттың қолжетімді болуы бизнеске де пайдалы. Кәсіпкерлер перспективалы әзірлемелерді ертерек көріп, оларды сынақтан өткізуге, өндіріске енгізуге, қоса қаржыландыруға немесе коммерцияландыруға қатыса алады. Осылайша ғылымды таныту тек ақпараттық жұмыс емес, ғалым, инвестор және өндіріс арасындағы байланысты қалыптастыратын экономикалық тетікке айналады.

Бұл бағытта Ұлттық ғылым академиясына ғылымды насихаттау функциясы берілді, «Ғылым қоры» коммерцияландыру жобаларының витринасын қалыптастырды, ал nauka.kz ұлттық ғылыми порталында ғылыми кадрлар, қаржыландыру, жобалар, жарияланымдар, патенттер, ғылыми ұйымдардың нәтижелілігі және үздік әзірлемелер туралы мәліметтер жинақталуда. Алдағы міндет - осы деректерді тек мамандарға арналған есеп түрінде қалдырмай, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және ғылыми-көпшілік форматтар арқылы халыққа қарапайым әрі қызықты тілде тұрақты жеткізу.

– Бүгінде жас ғалымдарды ғылымда ұстап қалу үшін қандай нақты қолдау тетіктері қарастырылған?

– Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау мемлекеттік ғылыми саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Нәтижесінде ғылыми кадрлар құрамы біртіндеп жасарып келеді. 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын қызметкерлер саны 28 374 адамға жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Осы кезеңде жас ғалымдар саны 7 525-тен 13 592 адамға дейін өсіп, олардың жалпы ғылыми кадрлар құрамындағы үлесі 35 пайыздан 48 пайызға көтерілді. Ғылыми қызметкерлердің орташа жасы 47,3 жастан 44 жасқа дейін төмендеді.

Жастарға өз зерттеуін бастауға мүмкіндік беретін арнайы қаржыландыру құралдары кеңейтілуде. 2024-2025 жылдары жас ғалымдарды қолдау шеңберінде 1 399 ғылыми жоба іске асырылды. 2025 жылы 250 ғалымға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге грант берілді. Сол жылы 75 мемлекеттік ғылыми стипендияның 50-і жас ғалымдарға тағайындалып, 50 зерттеуші «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығымен марапатталды. Бұл шаралар жас зерттеушіге жоба жүргізуге, халықаралық тәжірибе жинауға және кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Материалдық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға да көңіл бөлінуде. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы үшін 17-ден 50 айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша ақы төлеу енгізілді. «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген кредиттеу және жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері іске асырылуда. Соңғы заңнамалық өзгерістерде ғылыми қызметкерлердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзарту және еңбекақы төлеудің бірыңғай тәсілін енгізу де көзделген.

Жас зерттеушілердің құқықтық және кәсіби мүмкіндіктері де кеңейтілді. «Жас ғалым» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, PhD түлектеріне міндетті еңбек өтеуді жоғары оқу орындарымен қатар ғылыми ұйымдарда және мемлекеттік органдарда өтеуге мүмкіндік берілді. Тұрақты ғылыми қызметпен айналысатын PhD дәрежесі бар азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, квазимемлекеттік сектордың зерттеу орталықтары мен конструкторлық бюроларында PhD мамандарына квота белгілеу және жеке секторда индустриялық PhD тетігін дамыту қарастырылған.

Жас ғалымның ғылымда қалуы үшін грантпен ғана шектелмейтін тұрақты мансаптық жол қажет. Сондықтан үш жылдық жоба аяқталғаннан кейін жаңа гранттық және бағдарламалық-нысаналы конкурстарға қатысуға, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының штатына орналасуға және басқа жобалар құрамында жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Өңірлерде 20 ғылыми-техникалық кеңес құрылып, университеттер базасында академиялық артықшылық орталықтары, ортақ пайдаланылатын зертханалар, технопарктер және инжинирингтік орталықтар дамытылуда.

Сонымен бірге бір ғана заң немесе бір реттік грант жастардың ғылымда қалуына толық кепілдік бере алмайды. Нәтиже тұрақты әрі болжамды қаржыландыруға, бәсекеге қабілетті еңбекақыға, заманауи зертханаларға қолжетімділікке, мықты ғылыми жетекшілікке және жобалар арасындағы үзілісті азайтатын мансаптық жүйеге байланысты. Қазіргі шаралар осы негізді қалыптастырып жатыр, ендігі міндет - олардың сабақтастығы мен нақты орындалуын қамтамасыз ету.

Жас зерттеушілерді тұрақты ғылыми қызметпен айналысуына жағдай жасау мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылады. Осы бағытта 2023-2026 жылдары жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты тетіктер енгізілді. Бүгінгі күні 792 пәтер жас зерттеушілерге табысталды. Оның ішінде 654 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында берілсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы екі жыл ішінде 138 пәтер жас ғалымдарға өтеусіз негізде бөлінді. Бұл шаралар ғылыми мансаптың тартымдылығын арттырып, талантты мамандардың ғылым саласында тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

– Ғылым мен жоғары білімге салынған бүгінгі инвестиция Қазақстанның ертеңгі дамуына қалай ықпал етеді? Алдағы жылдары қандай нәтижелер күтуге болады?

– Қазіргі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстар қорымен ғана емес, жаңа білімді қалыптастыру, технология әзірлеу және оны экономикаға енгізу қабілетімен өлшенеді. Сондықтан ғылым мен жоғары білімге салынған инвестиция - еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, технологиялық тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге және жоғары білікті жұмыс орындарын құруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

Қазақстанның халықаралық көрсеткіштерінде оң динамика бар. SCImago Country Rank бойынша еліміз 69-орыннан 64-орынға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орын алды. 2024 жылы Web of Science базасында қазақстандық авторлардың 3 747 жарияланымы индекстеліп, көрсеткіш бір жылда 22 пайызға өсті; Scopus базасындағы жарияланымдар саны 9 520-ға жетіп, 28 пайызға артты. 2025 жылы Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 139 елдің ішінде 81-орын алды. QS World University Rankings 2026 тізіміне 20 қазақстандық жоғары оқу орны енді, ал еліміздің бірқатар университеті жекелеген пәндер бойынша әлемдік алғашқы жүздікте көрінді.

Алайда ғылымның басты нәтижесі рейтинг пен жарияланыммен шектелмеуі керек. Қазіргі уақытта 289 коммерцияландыру жобасы өнімдерін нарықта өткізіп отыр, оның 30-ы экспортқа шыққан, ал 8 жобаның сату көлемі 1 млрд теңгеден асқан. Сату көлемі, тартылған қоса қаржыландыру, салық төлемдері және негізгі құралдарға инвестицияны қоса есептегенде, бұл жобалардың елдің ғылыми-техникалық дамуына қосқан жиынтық үлесі 143,3 млрд теңгені құрады. Бұл дұрыс ұйымдастырылған ғылымның бюджет шығыны ғана емес, экономикалық қайтарым беретін актив екенін көрсетеді.

Ғылым, жоғары білім және өндірісті жақындастыру үшін индустриялық PhD бағдарламасы енгізілуде. 2025 жылдан бастап ірі өндірістік компаниялармен бірлесіп сегіз жоғары оқу орнында пилоттық бағдарламалар іске қосылды. Соңғы екі жылда осы бағытқа 210 мемлекеттік білім беру орны бөлініп, өндірістен қол үзбей білім алатын 63 докторант қабылданды. Бұл зерттеу тақырыбын кәсіпорынның нақты технологиялық мәселесімен байланыстырып, нәтижені тікелей өндірістік ортада сынауға мүмкіндік береді.

Өңірлік ғылымды дамыту да ел болашағына тікелей әсер етеді. Құрылған 20 өңірлік ғылыми-техникалық кеңес жергілікті экономиканың нақты сұранысына сай зерттеу тақырыптарын айқындауға мүмкіндік береді. Алматы қаласы мен Қарағанды облысының ғылымды дамытуға 1 348 млн теңге бөлуі жергілікті атқарушы органдардың ғылыми жобаларды өз қаражаты есебінен қаржыландыра бастағанын көрсетеді. Ғылым қалашықтары, технопарктер, инжинирингтік орталықтар және ортақ пайдаланылатын зертханалар осы өңірлік экожүйенің инфрақұрылымдық негізіне айналуға тиіс.

Алдағы жылдардағы күтілетін негізгі нәтиже - ғылымды қаржыландыру көлемінің өсуі ғана емес, зерттеуден нақты технологияға, прототиптен сериялық өндіріске, ал зертханалық әзірлемеден экспортқа дейінгі тұтас тізбектің қалыптасуы. Соның нәтижесінде жеке сектордың ғылымға салатын инвестициясы артып, жоғары технологиялық кәсіпорындар мен жұмыс орындары көбейеді, импортқа тәуелділік азаяды, өңірлік экономика нығаяды және денсаулық сақтау, экология, су, энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларында халықтың өмір сапасына әсер ететін шешімдер пайда болады. Түпкі мақсат - Қазақстанды тек ғылыми жарияланымдарымен емес, әлемдік нарыққа шығатын технологиялары және бәсекеге қабілетті университеттерімен танылатын елге айналдыру.

– Әңгімеңізге рақмет!