Гендерлік теңдік ұғымның мәні әйелдерге арналған әлеуметтік жеңілдік немесе белгілі бір құқықтардан әлдеқайда кең. Ол – әйел мен ер адамның қоғам өміріне, еңбекке, кәсіпкерлікке, мемлекеттік басқаруға және отбасы институтына тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін әділетті жүйе. Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта заңнамалық өзгерістер ғана емес, қоғамдық көзқарасты жаңартуға бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді. Конституциялық реформалар, сот тәжірибесі мен экономикалық бастамалар соның айқын көрінісі.
Жуырда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Конституциялық соттың ұйымдастыруымен өткен «Отбасылық саясат пен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбындағы ведомствоаралық талқылау осы мәселенің құқықтық қырын жаңа деңгейде қарастырды. Басқосуда отбасы, ана, әке және баланы қорғау мемлекеттің негізгі конституциялық құндылықтарының бірі екені тағы да нақтыланды. Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова бүгінгі гендерлік әділеттілік тек әйел мен ер адамның формалды теңдігімен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет азаматтардың кәсіби қызметін, бала тәрбиесін және қоғамдық өмірге қатысуын қатар алып жүруіне тең жағдай қалыптастыруы тиіс.
Конституциядан басталған кепілдік
Бұл ұстаным Конституциялық соттың нақты шешімдерінен де көрініс табуда. Мәселен, бұған дейін некеде тұрмайтын ер адамның бала асырап алуына заң жүзінде мүмкіндік болмаған. Конституциялық сот мұндай шектеуді азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидатына қайшы деп танып, тиісті норманың күшін жоюға ықпал етті. Бұл шешім бір қарағанда тек құқықтық өзгеріс болып көрінгенімен, оның астарында гендерлік стереотиптерден арылу идеясы жатыр. Сонымен қатар сот баланың мүддесі әрдайым басты орында қалатынын ерекше атап өтті. Яғни гендерлік теңдік ешқашан баланың құқықтары мен қауіпсіздігінен жоғары қойылмайды.
Гендерлік теңдік тек жаңа заңдардың қабылдануымен өлшенбейді. Оның нақты нәтижесі сот тәжірибесінде көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда Конституциялық соттың соңғы шешімдері құқықтық жүйенің қоғамдағы өзгерістерге бейімделіп отырғанын аңғартады. Бұрын заңнамада некеде тұрмайтын ер адамның бала асырап алуына мүмкіндік қарастырылмаған еді. Конституциялық сот бұл шектеудің азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидатына қайшы келетінін танып, норманың күшін жоюға ықпал етті. Бұл шешім ер мен әйелдің құқықтарын теңестіру мақсатында емес, ең алдымен Конституция бекіткен әділеттілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар сот баланың мүддесі кез келген жағдайда басым болатынын ерекше атап өтті. Бұл Қазақстандағы гендерлік саясаттың халықаралық тәжірибедегідей құқықтық тепе-теңдік пен қоғамдық жауапкершілікті қатар ұстанатынын көрсетеді.
Экономикалық мүмкіндік – теңдіктің басты көрсеткіші
Гендерлік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл мәселе Астанада өткен Global Businesswomen Council IV пленарлық отырысында кеңінен талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева Қазақстанда гендерлік теңдік саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Конституцияда әйелдер мен ерлердің тең құқықтары бекітілген, мемлекеттік кепілдіктер туралы заң қабылданған, ал 2035 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Оның айтуынша, дәл осы кешенді саясаттың нәтижесінде бүгінде елімізде бір миллионнан астам әйел кәсіпкер тіркелген. Әйелдер шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысына жуығын басқарады және сектордағы жұмыспен қамтылғандардың үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр.
Дегенмен сарапшылар гендерлік теңдікке қол жеткіздік деп айтуға әлі ерте екенін де жасырмайды. Әйелдер кәсіпкерлігі негізінен қызмет көрсету саласында шоғырланған, ал ірі бизнес пен жоғары технологиялық секторларда олардың үлесі әлі де төмен. Сондықтан Ұлттық комиссия әзірлеп жатқан әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді жоспары мемлекеттік қолдау, қаржыландыру, оқыту және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған.
Қоғамда гендерлік теңдік ұғымы әлі күнге дейін тек әйелдердің құқықтарын кеңейтумен байланыстырылып келеді. Бұл – ер адамдардың да бала тәрбиесіне белсенді араласуына, отбасылық міндеттердің әділ бөлінуіне, кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін қоғамдық модель. Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимованың «гендерлік әділеттілік формалды теңдіктен әлдеқайда кең ұғым» деген пікірі де осыны меңзейді. Яғни мәселе әйел мен ер адамның бірдей құқыққа ие болуында ғана емес, сол құқықтарды бірдей жүзеге асыра алатын орта қалыптастыруда жатыр. Сондықтан гендерлік саясатты тек әлеуметтік бастама ретінде емес, елдің экономикалық дамуына, еңбек нарығының тиімділігіне және қоғамдағы тұрақтылыққа ықпал ететін ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырған жөн.
Қазіргі Қазақстандағы гендерлік саясаттың басты ерекшелігі – оның тек әлеуметтік емес, құқықтық және экономикалық мазмұнға ие бола бастауы. Конституциялық соттың шешімдері азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастырса, экономикалық бағдарламалар әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасауда. Гендерлік теңдік – белгілі бір топқа берілетін артықшылық емес, қоғамның тұрақты дамуы мен әділеттілігін қамтамасыз ететін маңызды қағида. Заңдағы өзгерістер өмірдің шынайы тәжірибесіне айналғанда ғана бұл ұстаным толыққанды нәтиже береді.