Қазақстандық балуан Айша Әбдімәлік Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда Моңғолия балуаны Ариунзул Болдбаатармен кездесті. Шешуші белдесуде қарсыласы 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Ариунзул Болдбаатар 2025 және 2026 жылдары өткен U17 Азия чемпионаттарында қола жүлде иеленген.
Айша Әбдімәлік финалға дейін бірнеше мықты қарсыласын жарыс жолынан шығарды. Ол алғашқы белдесулердің бірінде Венгрия өкілі Соня Верешті 8:3 есебімен жеңді.
Одан кейін америкалық Ив Скрокиден 7:6 есебімен басым түсті. Ширек финалда Молдова балуаны Маргарита Лиситаны тартысты кездесуде 13:12 есебімен ұтты.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы Грекия өкілі Василики Каравануды 8:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алған еді.
Осылайша, Айша Әбдімәлік Қазақстан құрамасының қоржынына әлем чемпионатының күміс жүлдесін салды.