Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ресей интернеттен ажырауы мүмкін

Ресей интернеттен ажырауы мүмкін
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Финляндияның мемлекеттік Fingrid энергетикалық компаниясы Ресейден келетін электр беру желілеріне қызмет көрсетуді тоқтатуды жоспарлап отыр. Соның салдарынан аталған желілердегі тіректер бөлшектеліп, олармен бірге тартылған талшықты-оптикалық интернет кабельдері де алынып тасталуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kzinbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірнеше жыл бұрын Ресей бұл бағыт арқылы электр энергиясын жеткізуді тоқтатқан. Соған байланысты электр желілерінің тіректерін күтіп ұстау Fingrid үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола бастаған.

Финляндия аумағындағы желілердің бөлшектелуі Ресейдің бірқатар телекоммуникациялық операторлары үшін Еуропа елдерімен байланыс орнататын негізгі магистральдық арналардың бір бөлігін жоғалту қаупін туғызады.

«Россети» компаниясының мәліметінше, бұл электр желісі соңғы бірнеше жыл бойы шектеулі режимде пайдаланылып келеді. Финляндия өз аумағындағы бөлікті бөлшектегеннен кейін желі Ресейдің ішкі энергетикалық инфрақұрылымының құрамында ғана қолданылатын болады.

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, байланыс операторлары қазір фин компанияларымен интернет трафигін жеткізудің балама бағыттарын іздестіру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда мұндай бағыттарды іске қосу үшін уақыт қажет.

«Коммерсантъ» басылымы байланыс саласы сарапшыларының пікіріне сүйеніп, бұл шешім Ресейдің Солтүстік-Батыс федералдық округіндегі кейбір абоненттер үшін интернет байланысының сапасына кері әсер етуі мүмкін екенін жазады. Дегенмен Финляндия Ресейден Батысқа шығатын халықаралық интернет трафигі үшін жалғыз бағыт емес.

Сарапшылардың айтуынша, деректер ағынын Беларусь, Балтық елдері және Балтық теңізінің халықаралық суларымен өтетін суасты кабельдері арқылы бағыттауға мүмкіндік бар. Бұл балама маршруттар операторларға трафикті қайта бөлуге жағдай жасайды.

Соған қарамастан, Финляндия бағытының жабылуы ресейлік операторлардың резервтік мүмкіндіктерін азайтып, халықаралық трафикті қайта бағыттауға мәжбүр етеді. Егер батыс және шығыс бағыттарындағы өткізу қабілеті толық жүктелсе, байланыс сапасы төмендеп, интернет жылдамдығына әсер етуі ықтимал.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, бүгінде Ресейдің Батыс елдерімен алмасатын халықаралық интернет трафигінің шамамен 70 пайызы Финляндия аумағы арқылы өтеді. Ал бөлшектеу жоспарланып отырған электр желілерінің тіректерінде Ресей мен Финляндия арасындағы байланыс желілерінің шамамен үштен бірі орналасқан.

Сонымен қатар Ресейде интернеттен уақытша бас тарту мәдениетін қалыптастыру туралы бастама көтерілді. «Геоэнергетика Инфо» порталы Мемлекеттік дума депутаттарының пікірлеріне сілтеме жасап, олар азаматтарды гаджеттер мен интернетті аз пайдаланып, адамдармен тікелей қарым-қатынас жасауға көбірек көңіл бөлуге шақырғанын хабарлады.

Депутаттардың айтуынша, мұндай ұсыныстың басты себептерінің бірі – ресейлік интернет кеңістігінде ересектерге арналған контент пен эскорт қызметін насихаттайтын материалдардың көбеюі. Осыған байланысты олар интернетті шектеуден гөрі, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты дәріптеуге басымдық беру қажет деп есептейді.