Қазақстандағы діни өмірді бұрынғыдай тек мешітке немесе шіркеуге бару жиілігімен өлшеу қазір жеткіліксіз. Соңғы жылдары қоғамда сенімнің мазмұны өзгерді. Бірі үшін дін – өмір салты, енді бірі үшін ата-баба аманаты, ұлттық дәстүрдің жалғасы немесе өзінің қай ортаға тиесілі екенін сезіндіретін рухани тірек. Сондықтан өзін дін ұстанушы санайтын адамдардың бәрі бірдей діни рәсімдерді күн сайын орындамайды. Бұл қарама-қайшылық емес, қоғамдағы діни мәдениеттің жаңа сипаты.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеу де осы үрдісті көрсетеді. Мәселен, Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 86 пайызы өзін дін ұстанушы деп есептейді. Сонымен бірге олардың едәуір бөлігі діни мерекелерді атап өткенімен, күнделікті құлшылықты немесе ғибадат орындарына тұрақты баруды өмірінің басты өлшеміне айналдырмаған. Демек, бүгінгі Қазақстанда дін адамның ішкі дүниесімен қатар қоғамдық және мәдени болмысының бір бөлігіне айналып келеді.
Бұл үрдіс ресми статистикадан да байқалады. 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша елімізде 18 конфессияны біріктіретін 3999 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 2858 исламдық ұйым, 347 православ бірлестігі, 592 протестанттық қауымдастық, сондай-ақ католик, иудаизм, буддизм және басқа да конфессиялардың ұйымдары жұмыс істейді. Республика аумағында 3788 ғибадат үйі, соның ішінде 2857 мешіт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы діни кеңістіктің сан алуандығын ғана емес, конфессияаралық тұрақтылықтың сақталып отырғанын да аңғартады.
Қоғамды біріктіретін мәдени құндылық
Көп жағдайда дін туралы сөз қозғалғанда адамдардың құлшылық деңгейі ғана назарға алынады. Алайда қазіргі әлеуметтік үрдістер бұл мәселенің әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандықтардың едәуір бөлігі үшін діни сәйкестік күнделікті рәсімдерден бұрын тарихи жадпен, отбасы тәрбиесімен және ұлттық дәстүрмен тығыз байланысты.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова бұл құбылысты қазіргі қоғамның табиғи эволюциясы деп бағалайды.
«Қазақстандықтардың басым бөлігі өзін белгілі бір діннің өкілі ретінде таниды. Бірақ бұл олардың бәрі бірдей діни тәжірибені бірдей деңгейде ұстанады дегенді білдірмейді. Біздің қоғамда сенім көбіне рухани өмірмен қатар мәдени сабақтастықтың, ұлттық жадының және азаматтық бірегейліктің ажырамас бөлігі ретінде қабылданады. Сондықтан дінилікті тек құлшылықтың жиілігі арқылы бағалау қазіргі Қазақстанның шынайы келбетін толық көрсете алмайды», – дейді Айгүл Забирова.
Шын мәнінде, қазақ қоғамының тарихи тәжірибесі де осы ерекшелікті қалыптастырды. Ұлы далада ислам көбіне отбасы тәрбиесі, салт-дәстүр, үлкенге құрмет, ас беру, қайырымдылық секілді құндылықтар арқылы орнықты. Сондықтан бүгінгі таңда да көптеген азамат үшін діни мерекелерді атап өту немесе ата-баба жолын құрметтеу сенімнің маңызды көрінісі саналады. Бұл – дінді тек ғибадат аясында емес, ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қабылдайтын қазақстандық модельдің ерекшелігі.
Зайырлылық пен руханият қатар дамып келеді
Қазақстандағы діни саясаттың басты ерекшелігі – рухани құндылықтарды қолдай отырып, зайырлы мемлекеттің қағидаттарын сақтау. Социологиялық зерттеу нәтижесінде азаматтардың 88,6 пайызы мемлекет жүргізіп отырған діни саясатты қолдайтыны, ал 84,5 пайызы Қазақстанның зайырлы мемлекет болып қала беруін маңызды деп санайтыны анықталған. Бұл қоғам үшін зайырлылық пен дін бір-біріне қарсы ұғым емес екенін көрсетеді.
Осындай тепе-теңдікті сақтау үшін ағартушылық бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Қазір республика бойынша 236 ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында 2739 маман еңбек етеді. Олар бір жылдың ішінде 65 мыңға жуық кездесулер мен түсіндіру іс-шараларын өткізіп, 2,6 миллионнан астам адамды қамтыған. Сонымен бірге елде 14 рухани оқу орны жұмыс істейді, онда 5617 студент білім алуда. Ал діни қызметті заң аясында жүргізу мақсатында 452 миссионер ресми тіркелген.
Қазақстандағы діни өмір тек сандық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның басты ерекшелігі – сенімнің қоғамды бөлетін емес, біріктіретін құндылық ретінде орнығуы. Қазіргі қазақстандық үшін дін көбіне өзінің тарихи тамырын, мәдени кеңістігін және рухани бағдарын айқындайтын ұғымға айналып келеді. Сондықтан бүгінгі Қазақстандағы діни ахуалдың өзегі – радикализмге қарсы тұру ғана емес, қоғамның тұтастығын сақтай отырып, руханият пен зайырлылықтың үйлесімін қамтамасыз ету.