25 жастағы Ахмет Дүкенбай Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылында қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Туыстарының айтуынша, үй маңында төрт-бес рет оқ атылған. Ауыр жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмның отбасы Ахметке бұған дейін бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетілгенін айтып, қылмысқа өзге адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін тексеруді сұрап отыр. Жұбайының сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін Ахмет белгісіз адамдармен жанжал болғанын айтып, балаларға мұқият қарауды өтінген. Сондай-ақ туыстары отбасыға мемлекеттік қорғау беруді талап етті.
Полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.