Белгілі әнші Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде Алтынай Жорабаеваның қызының ұзату тойына не себепті бармағанын түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Алтынай Жорабаева оны бұл тойға шақырмаған. Алайда ол мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Алтынай Жорабаева ең әуелі менің әріптесім және баламның қарындастарының анасы. Өзін де, өнерін де құрметтеймін. Тойға шақырту алмағаныма еш ренішім жоқ. Әркім өз қуанышына кімді шақыратынын өзі біледі, бұл - әр адамның жеке таңдауы. Мүмкін ішкі ойы, мүмкін маған деген өзіндік көзқарасы себеп болған шығар. Ол жағын білмедім. Көрген жерде сәлеміміз түзу, сыйластығымыз орнында. Тек жақсылық тілеймін», - деді әнші.
Сондай-ақ Айгүл Иманбаева желіде екеуінің арасына от салуға тырысатындарға да үндеу жасады.
«Екі өнер адамынан жау жасаудың қажеті жоқ. Бізді араластырып, жарыстырып, шоу жасауға тырыспаңыздар. Ондай деңгейден өтіп кеткенмін. “Кезінде құшақтасып жүрдіңіздер ғой” деп мін іздеудің де керегі жоқ. Иә, өмірдің ол кезеңдерінен де өттік, өту керек болды. Әркім өзінің өтетін жолын, өз уақытында өтеді. Бұл тақырыпты осымен жапқанымыз дұрыс болар. Мен тек ізгілік пен бақыт тілеймін», - деді ол.