Таиланд астанасы Бангкок маңындағы беделді Debsirin Nonthaburi орта мектебінде атыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жеті адам қаза тауып, кемінде 15 адам жараланған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Атыс туралы не белгілі?
Thai PBS телеарнасының жазуынша, қайғылы оқиға 7 тамыз күні таңертең Нонтхабури провинциясындағы Debsirin Nonthaburi мектебінде болған. Полиция мәліметінше, оқты 9-сынып оқушысы атқан. Құқық қорғау органдары шабуыл жасаған жасөспірімнің шамамен 14 жаста болғанын анықтады.
Алдын ала дерек бойынша, жеті адам қаза тапқан. Олардың арасында үш мұғалім, үш оқушы және кейін өзіне қол жұмсаған шабуылдаушы бар.
Тағы кемінде 15 адам түрлі жарақат алған.
Алғашында қарулы жасөспірім мектеп аумағына жасырынып қалған. Осыған байланысты полиция оқиға орнын бірден толық қауіпсіз аймаққа айналдыра алмаған. Кейін оның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
Билік өкілдері қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы әлі анықталып жатқанын айтып, жұртшылықты ресми ақпаратты күтуге шақырды.
БАҚ мәліметінше, Debsirin Nonthaburi орта мектебі Таиландтағы оқушыларды жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын үздік білім беру мекемелерінің бірі саналады. Мұнда 7-12-сынып оқушылары білім алады.