Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Балтабай Қайыпұлы: «Төрткүл дүние назары Маңғыстаудағы жартасты мешіттеріне ауып тұр»

Балтабай Қайыпұлы: «Төрткүл дүние назары Маңғыстаудағы жартасты мешіттеріне ауып тұр»
Фото: әлеуметтік желі

Маңғыстау – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Әсіресе, өңірдегі жартасты мешіттер өзінің қайталанбас сәулетімен ғана емес, халқымыздың рухани өмірі және дәстүрімен, мәдениетімен ерекшеленеді. Биыл осы бірегей мұралардың халықаралық деңгейде мойындалуы ел тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді.Бұл шешімнің тарихи маңызы қандай? Киелі мұраны сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Алдағы жоспар қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының басшысы Балтабай Қайыпұлымен әңгімелескен едік.

– Балтабай Қайыпұлы, ең алдымен Маңғыстаудың жартасты мешіттерінің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енуімен құттықтаймыз. Бұл жаңалықты өңір жұртшылығы зор қуанышпен қабылдады. Осы тарихи шешімнің маңызы туралы айтып берсеңіз.

– Рақмет. Бұл - ең алдымен халқымыздың, мемлекетіміздің үлкен жетістігі. Маңғыстаудың ғана емес, күллі қазақ елінің тарихи-мәдени мұрасы әлемдік деңгейде мойындалды. Сондықтан біз бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдадық.

Сонымен бірге бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген әрбір ескерткіш енді халықаралық қауымдастықтың назарында болады. Оның сақталуы, қорғалуы, басқарылуы халықаралық талаптарға сай жүргізілуі тиіс.

2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетіне мүше болып сайланғанын атап өтіп, еліміздің тарихи және табиғи мұраларын халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманың негізінде жұмыстар жаңа қарқын алды.

Сериялық номинация құрамына бес қасиетті кешен енгізілді. Олар – Оғландыдағы Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі жерасты мешіттері. Бірақ бұл тек мешіттердің өзімен шектелмейді. Әрбір кешеннің құрамына тарихи қорымдар, көне кесенелер, сопылық дәстүр өкілдерінің жерленген орындары, зиярат жолдары, киелі құдықтар және басқа да тарихи-рухани нысандар кіреді.

Мамандар бірлесіп, ЮНЕСКО талаптарына сәйкес барлық ғылыми және техникалық құжаттарды әзірледі. Әрбір нысанның қорғау аймақтарының шекарасы белгіленді. Ақпараттық стендтер орнатылды. Үш тілде фотоальбомдар, буклеттер мен бейнероликтер әзірленді. Сонымен бірге халықаралық сарапшылар келіп, тарихи кешендерді бірнеше кезең бойынша зерделеп шықты.

ЮНЕСКО осы кешендердің тек сәулеттік ерекшелігін ғана емес, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дәстүрді бүгінге дейін үзбей жеткізген мәдени кеңістік екенін де мойындады.

– Осы бес мешіттің әрқайсысының өзіндік тарихи ерекшелігі бар. Соған жеке-жеке тоқталсаңыз.

– Әрине. Бұл бес нысан бір-біріне ұқсас болғанымен, әрқайсысының тарихы, сәулеттік шешімі және рухани орны бөлек. Мысалы, Бекет ата жартасты мешіті қазақ халқының ең қасиетті зиярат орындарының бірі саналады. Бекет Мырзағұлұлы тек діни қайраткер емес, ағартушы, сәулетші әрі халықтың рухани ұстазы ретінде танылған тұлға. Сондықтан бұл жерге еліміздің барлық өңірінен зияратшылар үздіксіз келеді.

Шопан ата кешені Маңғыстаудағы ең көне әрі ең үлкен тарихи қорымдардың бірі саналады. Мұнда мыңға жуық тарихи ескерткіш орналасқан. Оның ішінде көне құлпытастар, сағанатамдар, кесенелер мен жерасты мешіті ғасырлар бойы өз қалпын сақтап келеді.

Қараман ата жартасты мешітінің сәулеттік құрылымы мен ішкі кеңістігінің ұйымдастырылуы ерекше. Мұнда ғасырлар бойы халықтың рухани өмірімен сабақтасып келе жатқан тарихи дәстүр сақталған.

Шақпақ ата мешіті табиғи жартастың ішінен қашалып салынған сәулет өнерінің сирек үлгісі болып саналады. Оның архитектуралық шешімі Орта Азиядағы жартас сәулетінің ең көрнекті ескерткіштерінің бірі ретінде бағаланады. Ал Сұлтан үпі кешені де ғасырлар бойы қасиетті зиярат орны ретінде белгілі. Бұл жер халықтың діни танымымен ғана емес, тарихи жадымен де тығыз байланысты.

Осы бес кешеннің ортақ ерекшелігі – олардың барлығы табиғи ландшафтпен үндесе салынған. Мұндай сәулеттік дәстүр әлемде өте сирек кездеседі.

– ЮНЕСКО тізіміне енгеннен кейін қандай жұмыстар қолға алынады?

– Ендігі кезең бұрынғыдан да жауапты болады. Қазір2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқаружоспары әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тарихиескерткіштерді сақтау, ғылыми зерттеу, реставрациялау, туристер ағымын тиімдіұйымдастыру, қауіпсіздік мәселелері мен қорғаутетіктері толық қамтылады.

Бұдан былай барлық жұмыстар осы жоспар негізіндежүзеге асады. Яғни біз тарихи мұраны сақтап қанақоймай, оны халықаралық талаптарға сәйкесбасқаруға көшетін боламыз.

– ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи нысандардыңсақталуына қойылатын талап та күшейетінібелгілі. Жалпы бүгінгі күні Маңғыстау өңіріндегітарихи-мәдени мұраларды қорғау және қалпынакелтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– Тарихи-мәдени мұраны сақтау – біздің мекеменіңнегізгі міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда Маңғыстаумемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мемлекеттікесебінде жергілікті маңызы бар 601 тарихи-мәдениескерткіш, республикалық маңызы бар 25 ескерткішбар. Бұдан бөлек, алдын ала есепке алынған жүздегентарихи нысан орналасқан.

Осы ескерткіштердің барлығы тұрақты бақылаудаболады. Жыл сайын мамандарымыз өңірді аралап, тарихи нысандардың техникалық жай-күйінемониторинг жүргізеді. Бұл жұмысқа археологтар, реставраторлар, тарихи-мәдени мұраны қорғаубөлімінің қызметкерлері мен инспекторлар қатысады.

Әрбір сапар барысында ескерткіштердің қазіргіжағдайы жан-жақты зерделеніп, арнайы актілертолтырылады. Егер қандай да бір нысанның бүлінуқаупі байқалса немесе табиғи факторлардың әсеріненбұзылу белгілері анықталса, ол ғылыми кеңестіңқарауына ұсынылады. Кейін ғылыми-жобалыққұжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесішешілгеннен кейін ғана қалпына келтіру жұмыстарыбасталады. Тарихи мұраға кез келген жөндеужұмысы ғылыми негізде ғана жүргізілуі тиіс.

– Демек, әрбір реставрация ғылыми жоба арқылыжүзеге асады ғой?

– Дәл солай. Кейде жұртшылық «ескерткішті жөндейсалуға болмай ма?» деп ойлайды. Бірақ тарихимұраға қатысты мұндай көзқарас дұрыс емес. Себебіәрбір ескерткіштің өзіндік тарихи қабаты, сәулеттікерекшелігі бар. Егер ғылыми негізсіз араласатынболсақ, оның тарихи құндылығына нұқсан келуімүмкін. Мамандар тарихи деректерді, сәулеттікқұрылымды, құрылыс материалдарын зерттейді. Соның негізінде ғылыми-жобалық құжаттамадайындалады. Жоба мемлекеттік сараптамаданөткеннен кейін ғана қаржы бөлініп, реставрация жұмыстары қолға алынады. Біздің мақсат - тарихи нысанды жаңарту емес, оның бастапқы келбетін сақтап қалу.

– Табиғи факторлардың әсері қандай деңгейде байқалады?

– Әрине, ғасырлар бойы ашық табиғи ортада тұрған ескерткіштерге уақыттың әсері болмай қоймайды.Желдің, жауын-шашынның, температураның ауытқуы, жыныс қабаттарының табиғи мүжілуі сияқты факторлар жерасты мешіттеріне де, қорымдардағы көне кесенелерге де әсер етеді. Мысалы, кейбір сағанатамдардың қабырғалары жарылып, кейбір құлпытастар қисайып жатады. Осындай жағдайлардың барлығы мониторинг барысында тіркеліп, ғылыми қорытынды жасалады. Біздің негізгі ұстанымымыз – мәселе күрделеніп кеткеннен кейін емес, алдын ала әрекет ету. Яғни тарихи ескерткіштің толық бүлінуіне жол бермеу.

– Табиғи әсерден бөлек, адам әрекетінен болатын зиян да кездеседі. Мұндай жағдайлар қаншалықты жиі болады?

– Өкінішке қарай, ондай оқиғалар да кездесіп тұрады.Биыл Жартасты мешітінде белгісіз азаматтардың өз бетінше пластик терезе орнатып кеткені қоғамда үлкен талқылау туғызды. Әрине, олардың ниеті жаман болмаған шығар. Бірақ тарихи мұраға ешкім өз бетінше өзгеріс енгізуге құқылы емес. Мұндай әрекеттер тарихи ескерткіштің түпнұсқалығын бұзады. Сондықтан бұл мәселе анықталған бойда тиісті мемлекеттік органдарға хабар беріліп, заң аясында шаралар қабылданды.

Жалпы қоғамда тарихи мұраға деген жауапкершілік мәдениеті қалыптасуы керек. Кейде адамдар «жақсылық жасап жатырмыз» деп ойлайды. Бірақ тарихи ескерткішті сақтау дегеніміз – оны қазіргі заманға бейімдеу емес, оның тарихи болмысын өзгертпей келер ұрпаққа жеткізу.

– Соңғы жылдары туристердің қызығушылығы айтарлықтай артты. Бұл тарихи мұраларды қорғау жұмысына қосымша жауапкершілік жүктей ме?

– Әрине. Біз соңғы екі-үш жылдың ішінде өңірге келетін туристер санының тұрақты өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұған әлеуметтік желілердің, туристік платформалардың және өңірдің кеңінен насихатталуы әсер етті. Ал ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгеннен кейін бұл көрсеткіштің одан әрі өсетіні анық. Бір жағынан, бұл – өңір үшін үлкен мүмкіндік. Туризм дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті кәсіпкерлердің қызметіне сұраныс артады. Екінші жағынан, туристердің көбеюі тарихи мұраны сақтау ісіне қойылатын талапты күшейтеді. Сондықтан келушілер ағынын дұрыс ұйымдастыру, инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру - алдағы негізгі міндеттердің бірі.

– Маңғыстауда ЮНЕСКО тізіміне енуге әлеуеті бар өзге де нысандар бар ма?

– Әрине, бар. Жалпы Маңғыстау өңірінде жиырмаға жуық жерасты мешіті сақталған. Олардың әрқайсысы өзіндік сәулеттік ерекшелігімен, тарихи тағдырымен және рухани мәнімен құнды. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген бес кешен - осы мұраның ең көрнекті бөлігі ғана. Бұдан бөлек Машатата, Қырықбай мешіті, Үстірттегі Бекет ата, Ескі Бейнеу маңындағы бірқатар жерасты мешіттері секілді нысандардың да тарихи құндылығы өте жоғары. Бұл ескерткіштердің ерекшелігі – олардың табиғи жартасқа қашалып салынуы. Мұндай сәулет үлгісі әлемде өте сирек кездеседі. Олар ғасырлар бойы табиғи ортаға бейімделіп, бүгінге дейін өзінің бастапқы құрылымын жоғалтпай жеткен. Сондықтан болашақта ғылыми зерттеулер толық аяқталғаннан кейін, кезең-кезеңімен басқа да жерасты мешіттерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік бар деп есептейміз.

Қазіргі таңда Көкөрімдегі жерасты мешітін реставрациялауға арналған ғылыми-жобалық құжаттама әзірленіп қойды. Қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін қалпына келтіру жұмыстары басталады.

– Кейде тарихи ескерткіштерге бейнебақылау орнату жөнінде ұсыныстар айтылады. Бұл қаншалықты тиімді?

– Теория жүзінде тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде оны барлық жерде жүзеге асыру мүмкін емес. Мысалы, Шопан ата қорымының өзінде мыңға жуық тарихи нысан орналасқан. Енді соның әрқайсысының жанына камера қою мүмкін емес қой.

Біздің жағдайда ең тиімді бақылау - тұрақты мониторинг пен жергілікті халықтың жанашырлығы.Тағы бір маңызды мәселе - тарихи қорымдардың қорғау аймақтарын сақтау. Заң бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау белдеулерінде жаңа құрылыс жүргізуге немесе адам жерлеуге болмайды. Бұл талаптардың сақталуы да ескерткіштердің болашағы үшін өте маңызды.

– Туризм дамыған сайын тарихи мұраны сақтау мен пайдалану арасындағы тепе-теңдікті сақтау қиын болмай ма?

– Бұл өте маңызды сұрақ. ЮНЕСКО-ның негізгі талаптарының бірі – мұраны сақтай отырып пайдалану. Яғни тарихи ескерткіш туристерге ашық болуы мүмкін, бірақ оның түпнұсқалығына ешқандай қауіп төнбеуі керек.

Сондықтан алдағы басқару жоспарында келушілердің қозғалысын реттеу, жүктемені дұрыс бөлу, бағыттарды белгілеу, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру сияқты мәселелер толық қарастырылады.Біздің мақсат - туристер санын көбейту ғана емес, олардың тарихи мұраға деген құрметін қалыптастыру.

– Жалпы өңірдегі тарихи мұраны дамытуға қатысты алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алдымызда атқарылатын жұмыс өте көп.Біріншіден, тарихи ескерткіштерді ғылыми тұрғыдан толық зерттеу жалғасады. Екіншіден, реставрацияны қажет ететін нысандар кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Үшіншіден, цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Ескерткіштердің электронды базасы толықтырылып, интерактивті карталар жетілдіріледі.

Сонымен қатар экскурсиялық қызметті дамыту, халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыру, жастар арасында тарихи мұраны насихаттау жұмыстарын кеңейту де жоспарымызда бар. Біздің басты мақсатымыз- тарихи мұраны бүгінгі ұрпаққа ғана емес, келешек буынға да аман жеткізу.

– Әңгімеңізге рақмет! Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары әлемге кеңінен танылып, өңірге келетін туристер саны арта берсін дейміз.