Алматы облысында тауға шыққан Германия азаматы жарақат алып, өздігінен төмен түсе алмай қалған. Құтқарушылар туристі Сәтбаев шыңынан тікұшақпен эвакуациялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
ТЖМ мәліметінше, оқиға Қарасай ауданындағы Сәтбаев шыңында болған. Германия азаматтарынан құралған туристер тобы таулы аймақта жүрген кезде олардың біреуі қолын жарақаттап алған. Жарақатына байланысты ол төменге өз күшімен түсе алмаған.
Оқиға орнына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.
Құтқарушылар биік таулы аймаққа жеткеннен кейін зардап шеккен туристке жаяу барып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін туристі тікұшақ қонуға қолайлы алаңға дейін жеткізген.
Одан кейін жарақат алған Германия азаматы әуе көлігімен Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға эвакуацияланды. Медициналық мекемеде ол дәрігерлердің бақылауына алынып, қажетті көмек көрсетілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға алдын ала мұқият дайындалуды, маршруттың күрделілігін ескеруді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.