Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Үнсіз қала алмаймын": прокурор Айжан Аймағанова әйелдерді кемсітуге қатысты пікір білдірді

"Үнсіз қала алмаймын": прокурор Айжан Аймағанова әйелдерді кемсітуге қатысты пікір білдірді
Айжан Аймағанова. Фото: gov.kz

Прокурор Айжан Аймағанова әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітуге және ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға бағытталған пікірлерге қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол кейінгі күндері қоғамда қызу талқыланып жатқан мұндай көзқарастардың өзін бейжай қалдырмағанын атап өтті.

"Үнсіз қала алмаймын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітуге, ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға үндейтін пікірлер қызу талқыланып жатыр. Бұл мені бейжай қалдырмады", – деп жазды Айжан Аймағанова.

Прокурор Қазақстанның демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет екенін еске салып, ар-ождан мен діни сенім бостандығы әр азаматтың негізгі құқығы екенін айтты.

Оның сөзінше, әйел қоғамда тек отбасы мүшесі ретінде ғана емес, түрлі салада еңбек ететін маман ретінде де маңызды рөл атқарады.

Айжан Аймағанова әйелдердің дәрігер, ұстаз, ғалым, кәсіпкер, әскери және мемлекеттік қызметші ретінде ел дамуына үлес қосып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ олардың бала тәрбиесіне, отбасы берекесіне және қоғамның тұрақтылығына қосатын үлесін де ерекше атады.

"Әйелге деген құрмет – белгілі бір көзқарастың немесе дәстүрдің мәселесі емес. Бұл – адамға деген құрметтің көрінісі. Ал адамға құрмет көрсету – Конституциямыздың негізгі қағидаттарының бірі", – деді ол.