Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

WhatsApp қолданушыларына қауіп төніп тұр

WhatsApp қолданушыларына қауіп төніп тұр
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі WhatsApp қолданушыларына аккаунтты алаяқтардан қорғаудың жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kzPolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта мессенджердегі аккаунттарға бөтен адамдардың заңсыз кіру жағдайлары кездесіп жүр. Жеке деректерді қорғау үшін мамандар ең алдымен екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады.

Ол үшін WhatsApp қосымшасындағы «Баптаулар» бөліміне кіріп, «Аккаунт» → «Екі сатылы тексеру» → «Қосу» батырмаларын таңдау қажет. Одан кейін алты таңбалы PIN-код орнатып, аккаунтты қалпына келтіруге арналған электронды пошта мекенжайын көрсету керек. Орнатылған PIN-кодты ешкімге айтуға болмайды.

Бөтен құрылғыларды тексеріңіз

ІІМ WhatsApp-қа қандай құрылғылар қосылғанын үнемі тексеріп отыруға кеңес береді. Ол үшін мәзірден «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін ашып, тізімге назар аудару қажет.

Егер онда өзіңізге таныс емес телефон немесе компьютерді байқасаңыз, сол құрылғыны таңдап, аккаунттан шығару керек.

Аккаунттың бөтен адамның қолына түскенін бірнеше белгі аңғартуы мүмкін. Мәселен, сіз қоспаған құрылғының пайда болуы, өзіңіз жазбаған хабарламалардың жіберілуі, таныстарыңыздың сіздің атыңыздан күмәнді өтініштер келгенін айтуы, сұратпаған SMS-кодтың келуі немесе аккаунттан өздігінен шығып қалу - қауіптің белгісі.

WhatsApp бұзылса, не істеу керек?

Күдікті әрекет байқалса, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық белсенді сеансты дереу тоқтату қажет. Сондай-ақ екі сатылы тексерудің PIN-кодын ауыстырып, таныстарыңызға аккаунтыңыздың бөтен адамның қолына түсуі мүмкін екенін ескерткен жөн.

Бұдан бөлек, ІІМ смартфон мен компьютерде зиянды бағдарламалардың бар-жоғын тексеруге кеңес береді.

SMS немесе мессенджер арқылы келген растау кодтарын ешкімге беруге, күмәнді сілтемелерді ашуға және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатуға болмайды.

Министрлік тағы бір маңызды ережені еске салды: егер танысыңыз WhatsApp арқылы шұғыл ақша аударуды сұраса, бірден ақша жібермеңіз. Алдымен сол адамға телефон шалып немесе басқа байланыс арнасы арқылы хабарласып, өтінішті шынымен өзі жібергеніне көз жеткізіңіз.

Аккаунтыңызға бөтен адамның кіргенін байқасаңыз, қауіпсіздік шараларын дереу қолға алып, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.