Төреғали Төреәлінің қарындасы Дина Төреәлі өзіне жақын құрбысының қыз ұзату тойын жүргізіп, ерекше сәттің куәсі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Дина әлеуметтік желідегі парақшасында құрбысының өзі үшін ерекше жан екенін айтып, олардың бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқанын жазды.
«Қызылорда қаласындағы салонымды ашар кезде Алладан дұға етіп сұрағанда маған жіберген шын жанашыр адамым. Жыл сайын бала босанып жатқанымда жандарында жоқтығымды білдірмей, пысықтығымен, адалдығымен, жанашырлығымен, үлкен жауапкершілігімен жұмысты жүргізіп отырған жан», - деді ол.
Дина құрбысының тұрмыс құратынын сәуір айында естіген. Бұл жаңалыққа бір жағынан қуанса, екінші жағынан қимастық сезімі басым болғанын жасырмады.
Кейін қалыңдық Динаға ерекше өтініш айтып, өзінің ұзату тойын жүргізіп беруін сұраған.
«Жасыңыз кіші болса да жолыңыз үлкен. Тұрмысқа шығып, қатарынан бала босанғаныңыз маған да жұғысты болса. Егер мүмкіндік болса, келіп ұзатып берсеңіз өте қуанамын», - деген сөздер Динаға ерекше әсер еткен.
Ол құрбысының ұсынысын қабыл алып, ұзату тойын жүргізіп берген.
«Бұндай ұсынысты қабыл алу мен үшін де үлкен мәртебе. Өмірімдегі ең ерекше күн», - деп жазды Дина Төреәлі.
Алайда бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік той жүргізушісінің Дина Төреәліні «қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосқан» деп таныстырғанына қатысты түрлі пікір білдірді. Кей желі қолданушылары бұл теңеуді орынсыз деп санап, сын айтса, енді бірі Дина Төреәліні қолдап пікір қалдырды.