Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі жазушы, абайтанушы және алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайды арнайы қабылдап, 75 жас мерейтойымен құттықтаған. Бұл туралы Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Президент ғалымды «Барыс» орденімен марапаттаған.
"Президенттің бұл құрметі – қазақ руханияты мен әдебиетіне, тарихы мен ұлттық мұрасына ұзақ жыл қызмет еткен ғалымның еңбегіне көрсеткен үлкен құрметі", – деп жазды Айдарбек Ходжаназаров.
Сондай-ақ ол Тұрсын Жұртбайды мерейтойы және мемлекеттік марапатымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
"Мерейлі жасыңыз да, лайық марапатыңыз да құтты болсын, Тұрсын аға! Біз үшін Сіздің орныңыз да, еңбектеріңіз де бір төбе. Деніңіз сау, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын!" – делінген жазбада.
Тұрсын Жұртбай – Абай мұрасы, Мұхтар Әуезов шығармашылығы және Алаш қозғалысы тарихын зерттеген белгілі ғалым. 2021 жылы ол "Парасат" орденімен марапатталған болатын. Биыл қаламгер 75 жасқа толады.